Жарияланды: 08.09.2018

Инвестицияның шарапаты…

Түркістан облысында бүгінде ірі кәсіпорындар инвестицияның шарапатын көріп отыр. Жылумен қамтамасыз ететін «Энергоорталық 3» АҚ жоспарға сәйкес инвестициялық бағдарламаны іске асыруда. Алып  кәсіпорында бүгінде станция жабдықтарын жаңғырту және жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұған  ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті ұйытқы болып отыр. 2016 жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өңірдегі департаментімен «Энергоорталық3» АҚ-мен 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілген болатын. Қондырғыларды жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 673 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. Ал биылғы жылға бөлінген 143 млн. теңге кезең кезеңімен игерілу үстінде. Инвестициялық жоба аясында №1 турбоагрегаттың және электролиздік қондырғының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу үстінде. Жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорында жаңғырту жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады.  «Энергоорталық 3» мамандары «Орталығымыз жеке тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелердің 70 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Қыстың күндері сағатына 6 мың тоннадай ыстық су жіберіледі. Жылыту маусымына турбогенераторымыздан басқасының бәрі дайын. Станцияның төңірегінде 12 скважина орнатылған. Химиялық цехта өңдеп, су дайындап береді» дейді. Бүгінде жылу беретін орталықта жөндеу жұмыстарын павлодарлық «Гарант сервис» серіктестігі жүргізуде. Қазан айының аяғына дейін жөндеуді аяқтап, тапсыруы тиіс. Үш қазандықты және қондырғыларды жөндеу жұмысы кестеден кешікпей, өз уақытында аяқталмақ. Бұл дегеніңіз суық мезгілі де жайлы дегенмен де, тосыннан қысып беретін қыста қысылмай шығудың төте амалы. Инвестициялық бағдарламаның арқасында қаланы жылумен қамтамасыз ететін орталық жөндеуден өткізіліп, тұрғындардың қыстан қысылмай шығуына септігін тигізбек.

 

966 қаралым