Бұл туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді, деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі. Келер жылдан бастап жаңа облыс орталығында бірнеше аурухана мен емханалар, перзентханалар мен заманауи талапқа сай емдеу орталықтары бой көтермек. Жобалау жұмыстарына шетелдік компаниялар да тартылады деп күтілуде «Бұл нысандар көрнекі үлгіде салынса деген ойымыз бар. Құрылысы да техникалық жабдықтау жағы да заманауи талаптарға сай болады. Жоспар бойынша, облыс орталығынан 610 орындық облыстық көпсалалы аурухана салынады. Екінші облыстық балалар ауруханасына қосымша 150 орындық ғимарат құрылысын бастау қолға алынып жатыр. Сондай-ақ, 500 келушіге арналған емхана мен облыстық қан және СПИД орталықтарының, туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансердің құрылысы басталады. Бұл мақсатта жобалау-сметалық құжаттарына қажетті қаржы бөлінді», деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев. Бұл мәселелерге қатысты облыстық құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап, құжаттар жақын уақытта жасалып бітуі тиіс. Жобалау жұмыстарына шетелдік компаниялар да тартылады деп күтілуде.