Жетісай ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар және мақта дақылының зиянкестерімен күресу шаралары тақырыбында семинар-кеңес болып өтті. «Кетебай» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде өткен іс-шараға аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы қатысып, жиынды жүргізіп отырды. Аудан әкімінің орынбасары А.Маханбетов ауданда 138 мың гектар егістік алқап 100 пайыз пайдаланылып, толығымен егін егілгендігін атап өтті. Сондай-ақ еліміздің ең күнгейінде орналасқан ауданымыздың диқандары қазірдің өзінде 46 732 тонна қырыққабат, 585 тонна сарымсақ, 1429 тонна баклажан, 718 тонна болгар бұрышы және 13 593 тонна бақша өнімдерін өндіріп, шетелдерге экспорттағанын айтты. Сонымен қатар мақта егуші диқандарға бақша егетін диқандардан үлгі алуға шақырды. Мақта егуші диқандар өкімет бізге жеңілдетілген химикат, тыңайтқыш, жанармайды қашан береді екен деп отырмай, ерте көктемнен әрекет етіп, күнделікті егіс алқаптарында жүріп, бүгінде өнімдерін өткізуде. Мақта егуші диқандар сіздер де күнделікті мақта алқаптарыңызға барып, мақта зиянкестері пайда болды ма, болмады ма, өздеріңіз анықтап, биологиялық әдісті қолдануларыңыз керек. Ауданымызда 22 биолаборатория бар. Осы биолабораториялар ассоциациясы құрылған. Барлық биолаборатория ассоциацияға бірігу керек. Сонда ғана сапалы өнімдерді бере алады.
А.Тастанбеков