Жаз маусымы келгелі бүлдіршіндерден бастап тоймай жейтін балдай тәттілеріміздің бірі балмұздақ екені баршамызға белгілі. Оралған жылтыр қағазынан бастап баурап тұратын балмұздақтардың Түркістаннан шығарылатынын көпшілік білсін деген ниетпен, жұмыс барысымен танысуға кәсіпорын басына арнайы барған болатынбыз. Дәмі тіл үйірер түрлі жеміс-жидектер, шоколад қосылған балмұздақтарды қазіргі таңда қаламызда “Мұзды тау” ЖШС кәсіпорны шығаруда. Кәсіпорын басшысы Нұрәлі Оспанов бұрын алыстан тасымалданатын осы тәттіге деген сұраныс өте жоғары болғандықтан, отандық сапалы өнімді өзі өндіруді 2013 жылы қолға алыпты. “Қытай-Ресей-Польша” аппаратының арқасында бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылып, тәулігіне 2 тоннаға дейін балмұздақ өндірілуде.
2013 жылдан бері балмұздақтың 40 түрін шығаратын өндіріс орны өнімдерін еліміздің 6 облысына таратады. Жалпы құны 450 миллион теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 900 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Аталмыш өндіріс орны өнім көлемін арттыру үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 60 миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 45,7 миллион теңгеге инфрақұрылым тартылған. Айта кетерлігі, алдағы күндері бұл өндіріс орнында сүт өнімдерінің өзге де түрлерін өндіру қарастырылуда.
Қуаныш Тасыбаев
Қалалық «Түркістан» газетінен