Жарияланды: 07.10.2018

Әйел және бизнес, әйелдің отбасындағы құндылықтары

Ауыл-ауылды аралап жүріп, небір он саусағынан өнер тамған қыз-келіншектерді кездестіреміз. Бірі тігінмен, енді бірі аспаздықпен, қымыз баптаумен, әйтеуір сан түрлі кәсіпті дөңгелентіп алып жүрген кәсіпкер ханымдарды көргенде көңіліңіз кәдімгідей көтеріліп қалады. Түлкібас ауданында осындай кәсіпкер әйелдердің басын қосқан «Әйел және бизнес, әйелдің отбасындағы құндылықтары» атты іскер әйелдер форумы өтті. Форум ауданымызда алғаш рет өткізіліп отырғанын айта кетейік.

Сонымен форумда не айтылды? Қандай мәселелер көтерілді? Кімдер келді? Жалпы, бұл форумның мақсаты не деген сауалдарға жауап іздеп көрелікші. Ең алдымен басқосудың мақсаты – нарықта өз орнын табуға ұмытылып жүрген кәсіпкер әйелдерді қолдау, олардың ой-пікірлеріне, ұсыныстарына құлақ түру, мемлекеттік бағдарламаларды таныстыру. Аудан көлемінде кәсібін ашып, аяғынан тұрған, шаруасын шырқ айналдырған, қазіргі тілмей айтқанда бизнес-ханымдар жетерлік. Ал, идеясы мен ынтасы бар, алайда қолында қаржысы жоқ, сол жағы қолбайлау болып отырған нәзік жан иелері не істемек? Міне, бұл жөнінде форумда аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Нұржамал Қырғызәлиева мәселе ретінде көтеріп, тақырыпты талқылап өтті. Төрайымның айтуынша, ауданда 6 797 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, соның 45 пайызы – 3 270-і әйелдер. Олар тұрмыстық қызмет көрсету – шаштараз, қоғамдық тамақтану, білім беру, денсаулық сақтау, қонақ үй бизнестерінен көрініп жүрген, осынау салаларды меңгерген қыз-келіншектер екен.  

Форум барысында ұйымдастырылған көрмеде өз өнімдерін, туындыларын ұсынған кәсіпкер қыз-келіншектер болды. Солардың арасынан кондитер өнімдерімен айналысатын Маржан Ералиева ерекше дәмі бар қызылды-жасылды ірімшіктерімен көзге көрінді. Кондитерлікті бала кезінен жақсы көрген ол ес біле келе осы іске ден қояды. Көрмеге алып келген ірімшігі таза табиғи өнім, құрамында адам сүйегіне аса қажетті дәрумен болып табылатын кальциийге өте бай, жасалу технологиясы да өзгеше екенін жасырмады. Маржанның екінші кәсібі шаштараздық, қолы қалт еткенде әйелдердің шашын, бұрымын сәндейді. Бәріне үлгеріп жүрген келіншек мемлекеттік грантқа ілініп, кәсібімді кеңейтсем деген тілегі бар. Әзірге өз алдына бөлек цехы жоқ, мемлекеттік көмек арқылы құрал-жабдықтар алса, ісімді ілгерілетуге құштармын деп екі білегін сыбанып отыр.

Мұнан бөлек Шақпақ баба ауылының тұрғыны Сара Төребекқызы ауыл әкімдігі Мәдениет үйінен шеберхана бөлмесін ашып бергенін, сонда бір топ қыз-келіншек қыз жасауын әзірлеумен, жалпы тігіншілікпен айналысып, нәпақа тауып отырғанын тілге тиек етті. Ондағы құрақ көрпешелер расында көз тартарлықтай, сапасы да жоғары, бағасы да қолжетімді болғандықтан күннен-күнге тапсырыс берушілер қатары көбейіп келе жатқан көрінеді. Тізек берсек, маңдай терімен еңбек етіп жүрген кәсіпкер аяулы жандар көп. Мәселе – оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету. Бұл жөнінде облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева тілге тиек етті. Алма Нұралқызы:

  • Қандай да бір кәсіпті бастар алдында бойда қорқыныш болатыны рас. Алайда, бәсекелестікте болсын, бизнесте болсын, тәуекелге бара білетін жандар ғана табысқа жететінін ұмытпайық. Сондықтан бизнесті ілгерілеткісі келетін ханымдар тренингтерге жиі қатысып тұрғаны жөн. Мұндай тренингтер облыс, аудан көлемінде өткізіліп тұратынын еске сала кетейін. Сонымен қатар, жаңа идеясы, инновациялық жобасы бар ханымдар мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндігі бар, — деді. Сондай-ақ, ең төменгі пайызбен берілетін несиелерге де тоқталды. Кәсіпкер әйелдер ең алдымен отбасының ұйытқысы, аяулы жар, ардақты ана. Аудандық әйелдер істері жәнне отбасылық демографиялық сясат жөніндегі кеңестің төрайымы Гүлбибі Ешенқұлова әйелдің отбасындағы орнын, құндылықтарын, қандай жағдайда отбасында да, қызметін де үлгеріп атқарып отырған аналардың бар екенін, оларды үлгі тұту керектігін айтты. Іс шара барысында аудандық кәсіпкерлер палатасының төрағасы марат Байғарашев бір топ үздік кәсіпкер ханымдарды Алғыс хатпен марапаттады.
1 318 қаралым