Бүгінде еліміздегі нәзік жандылар бизнес саласын сәтті игеріп жүр. Бұған мемлекеттен берілетін жеңілдіктердің көмегі тиіп жатыр. Биылдан бастап әйелдерге кәсібін өркендетуге жылдық 5 пайызбен 10 млн теңге несие берілетін болды. Осы және өзге де мәселер Кәсіпкер әйелдер кеңесінде талқыға түсті, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы.
Облыс тұрғындарының 49 %-ы нәзік жандылар. Статистикаға сүйенсек, өңірдегі басшы қызметтегі азаматшалар елімізде Алматыдан кейінгі екінші орында. Облысымыздағы іскер әйелдер кеңесі 3 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Бұл кеңестің құрамында Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 120 белсенді қыз-келіншектер бар. Алқалы басқосуда… Ләззат Рамазанова бизнесті қолдау бағдарламалары және ағымдағы бизнестің қажеттіліктері туралы әңгімеледі. Бизнесвумендермен кәсіпті дамытудың басымдықтарын талқылады.
Алма Архабаева – облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы
«Қазіргі таңда бизнесті бастауға мүмкіндік мол. Кез-келген әйел өз бизнесін бастай алады. Бүгінгі талқыланар тақырып та осы…»
Нәзік жанды кәсіпкерлердің негізгі проблемасы айналымдағы капиталдың жоқтығы. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің қызмет көрсету секторы, тамақтану, білім беру қызметтеріне тән жобаларға жеңілдіктің болмауы. Былтыр кәсібін өркендетуге көмек сұрап, 2981 әйел өтініш білдірген. Соған орай, «Атамекен» іскер әйелдер кеңесі мен «Қазақстан Халық банкі» АҚ арасында 1 млрд. теңге бөлу туралы келісім жасалды. Енді, әйелдер кәсібін дамытуға жылдық 5%-бен 10 млн. теңге жуық несие ала алады. Өңірде 37 жоба ұсынылса, оның 3 жобасы 26,4млн. теңгеге қаржыландырылды. Бұдан бөлек, 3 жоба мақұлданып, тағы 37 млн. қаралуда.
М.ӘСЕМБЕК