Жарияланды: 12.10.2018

Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Демек көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік.  Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағи­­дат қай дәуірде болсын өзгер­ген емес, өзгермек те емес. Елбасы «От­басы – Қазақстан қоғамы­ның дің­гегі, экономикадағы, мәдениет­тегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәсе­ленің біздің қоғам үшін маңы­зын көрсетіп берді.  Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағы­тында қыруар шаруа атқа­рыл­ды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білім­ді ұрпақ қалыптастыруға бағыт­талған сындарлы саясатының нәти­ж­есінде ана мен баланы қолдау бойын­ша бағдарламалық құжаттар, гендер­лік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл са­йын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.  Бұл мақсаттарға тек 2017 жылғы республикалық бюджеттен 149,7 млрд теңге қаржы қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15%-ға артып келе жатыр. Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» бай­қауын­да еліміздегі ең үлгілі отбасы­лар­дың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да елі­мізде дәс­түрге айналған. Әрине отба­сы­­лық саясаттан бөлек отбасы­лық құн­дылықтар деген бар. Ол хал­қы­мыздың тарихымен бірге қай­нап, пісіп шыққан отбасылық дәстүр­лер, отбасы мәдениеті мен этикасы. Отбасының қалыптасуына, қоғам­ның қалыптасуы тікелей байланыс­ты. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай.  Қазақтың тарихында киелі отба­сының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері туралы мысалдар көп. Уақытында бізге бай, феодал ретінде оқытылған Құнан­байдың өзі тегін адам болмаған­дығын еліміз егемендікке жеткенде ғана білдік. Кішкене артық сөйлеп кетіп «Мен сізден оздым әке, мені бүкіл қазақ таниды» деген Абайға, «Е, Абай, сен менен оздым деуің үшін әуелі мен құсап өзің сияқты ұл тудырып ал» деген сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнегелі сөз емес пе?  Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Қазіргі уақытта өмірге келген біздің балалары­мыз­­дың кіндігін кім кеспей жүр, бұ­рын жерге ғана көмілетін сол кін­дік қайда қалмай жатыр? Басқа­сын айтпағанда ұлдарымыздың сүндет тойын, мұсылмандыққа қадам басу сәтін қай жер болса, сол жерде, арақ-шарап араластырып, ысы­рап­­шыл­дықпен өткізуіміз қай ата­дан қал­ған дәстүрімізде бар еді? Өкініш­­­тісі, той өткізу бәсекеге ай­на­­­­лып, құдалық даңғазалыққа ұла­­­сып бара жатыр. Сол қыруар шы­­ғын­­ның үйленген жастардың ба­­қы­­ты­на емес, бақталастығына ай­­на­­лып, ақыры жақсылыққа апармай жат­­қан­дығын да көріп жүрміз. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отба­сы­­лардың арасындағы ажы­­ра­­су­­д­ың кейінгі жылдары аса қауіп­ті деңгейге жеткенін айтсақ та жеткілікті.  Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, 2016 жылғы ресми мәліметтерге қарағанда, қала­лық жерлердегі ажырасу деңгейі  40 пайыз болса, ауылдық жерлердегі ажы­расу деңгейі 27 пайызға жеткен. Ажырасулардың 40%-ы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ой­лан­дырады. Соңғы бес жылда еліміз­д­егі тіркелген некенің саны аза­йып, ажырасулардың саны көбейген.  Ажырасулардың кесірінен рес­пуб­лика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Әрісінде қаншама адамның тағдыры бар. Қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар. Әкесіз тәр­биеленген ұл мен қыздың жарым­жан тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бас­т­а­ған сыңайлымыз. Батыстық оңа­шалаудың әсерінен бе, кейінгі кезде біреудің отбасындағы мәселеге мүл­дем бейжаймыз. Әркімнің жеке басы­ның шаруасы дейтінді шығар­дық. Әке мен шеше тым балажан бо­лып алды. «Ішіме сыйған бала сыр­­тыма да сыяды» деген сөз бүгінгі ата-ана­ның басты уәжіне айналған. Осы бір сұрқия сөздің қай дәуірден жет­­кенін кім білсін?… Астарынан жау­­гер­шілік заманның салқыны сезі­ле­ді. Ендеше бүгінгідей бейбіт заман­­­да мұн­­шалықты салмағы ауыр сөзге ар­­қа сүйеуіміз бекершілік екенін білсек. Жоғарыда атап өткеніміздей, от­басылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы жалпы әлемдік тенденция. 2016 жылғы ажырасулардың деңгейі бойынша алғашқы ондыққа енетін елдердің басым бөлігі экономикасы дамыған Еуропа елдері екен. Зерттеушілер тіпті дәстүрлі құндылықтарын берік ұстанатын мұсылман елдеріне де бұл індеттің кең тарай бастағанын айтады. Бірақ бұл өркениетті елдердің өресін көрсетпейді. Дамыған сайын сол елдерге бар жағынан ұқсас болуымыз керек деген де дұрыс емес. Қайта әлем­дегі ең дамыған сегіз елдің қатары­на ене отырып өз салты мен дәс­түрін, рухани құндылықтарын, отба­сындағы мәдениетін сақтап отыр­ған Жапония, Оңтүстік Корея сияқ­ты елдерге еліктегеніміз жөн болар. Қандай бай, қаншалықты биік дәрежеде тұрса да иіліп сәлем салып тұрған, жымиып байсалдылық танытқан жапондық, не корей азаматын көріп тұрып таң қаласың. Алысқа ұзамай-ақ өзіміздің тамыр­лас туысымыз, көршілес өзбек халқы­ның кішіпейілділігі мен ең­бек­қор­лығы, үнемшілдігі, үлкенге құр­меті баршаға үлгі болатын ақ нәрсе. Сол көршілес жатқан Өзбек­стан­да некенің бұзылу деңгейі 10%-дан аспайды екен. Бұл елде де қиын­шылықтар бастан асады, тұрмысы төмен отбасылар да аз емес. Бірақ тұрмыс қиыншылығынан гөрі өзбек ағайындарда ар-ұят, намыс, ұрпақ­тың тағдыры биік тұрады. Бұл да отбасындағы тәрбиенің біз­дің қоғамымыз үшін қаншалықты ма­ңыз­дылығын көрсетсе керек. Тиі­сін­­ше әр елдің аталмыш мәселе­нің алдын алу үшін қоғамдық дең­гей­де көтерген бастамалары мен мем­ле­кеттік бағдарламалары бар. Бұл шаралардың басым бөлігі отба­сыларға кәсіби деңгейде пси­хо­логиялық кеңес беріп, көмек көрсете алатын орталықтардың санын көбейтіп, сапасын көтеруге бағытталады екен. Ал біздің елде осындай отбасылық орталықтар бар ма? Бар болса олардың саны қанша? Сол отбасылық кеңес беру орталықтарындағы мамандардың кәсіби деңгейі, біліктілік, құзырет­тілік дәрежесі қандай? Қазіргі тілмен айтқанда, әуелі осы мәселелердің ауқымды аудитін өткізіп, қоғамдық және мемлекеттік деңгейде қолға алу керекпіз. Әдетте отбасылық қайшылықтарға ұрынған жұптар психолог мамандардың көмегіне жү­гіне бермейді. Мұның да себеп-салдарын анықтаған абзал. От­басы­лық психологиялық кеңес қыз­ме­ттерінің беделін көтеріп, абы­р­ойын арттыруға бағытталған кешен­ді үгіт-насихат іс шаралары да керек-ақ. Тіпті сол отбасылық кеңес орталықтарын АХАЖ бөлімдерінің қасынан ашу мүмкіндігін де қарас­тыруға болады.  Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Бала­ның тағдыры анаға тікелей байланысты. Соңғы кезде жаңа ғана туған баласын сәбилер үйінің алдында қалдырыпты, күл-қоқыстың арасына тастап кетіпті деген ақпараттарды көп естиміз. Көңіліміз құлазиды. Өзі туған сәбиін керексіз бір зат сияқты лақтырып кету үшін қандай адам болу керек? Баласын тастап кеткен әйелді де, сондай жағдайға душар еткен еркекті де ақтап алу мүмкін емес. Статистикаға сүйенсек, бүгінде балалар үйіндегі 7200-ден астам сәбилердің 696-сының ата-аналары құқығынан бас тартқандар, 436-сы тастанды балалар екен. Ал 3400-інің ата-аналары құқықтарынан айырылғандар. Яғни балалар үйін­дегі бар баланың 63%-ның әке-шеше­сі тірі деген сөз. Бұл адам тау­қы­­меті ғана емес, нағыз қоғам тау­қы­­меті деп айтуға болады.  Отбасылық саясатты қалып­тас­тыруда атқарылатын шаруалар әлі көп. Отбасылық құндылықтарды насихаттау және көп балалы отбасыларды ынталандыру бағытындағы жәрдемақы түрлерін әр кезеңнің талабына сай жетілдіріп отыру маңыз­ды мәселе. Мысалы, бес бала немесе бес баладан көп баланы дүниеге әкелген аналарға айлық еңбекақы тағайындау арқылы олардың ең­бек өтілін сақтап қалу мүмкіндігін қарастыру маңызды шаралардың бірі болар еді. Бұл өз кезегінде қоғам­да көп балалы отбасы болудың беде­лін бекемдеп, абыройын арттырары хақ. Аталмыш жәрдемақы түрінің әлеуметтік маңызын да ешкім жоққа шығара қоймас. Себебі бала тәрбиесімен айналысудан қиын, әрі маңызды, пайдалы әрі құнды еңбек бар ма?  …Бір отырыста төрде отырған абыз ақсақалдың «дінімізден айы­ры­­лып, тілімізді ұмытып, ұлт ретін­де жойылып бара жатқанда бізді аман алып қалған қазақы кең пейі­лі­міз бен ақ дастарқанымыз» деген ұлағатты әңгімесін естіп едім. Түсін­ген адамға астары терең, маз­мұны мәнді сөз. Рас, кейінгі бір-екі ғасырдың төңірегінде қазақ қоға­мы жантүршігерлік зұлматты за­ман­дарды басынан өткерді. Мың өл­дік, мың тірілдік… Елімізді алып бәйтерекке теңеуіміз тегіннен-тегін емес. Замана дауылы сын тезі­не салғанда сол бәйтеректің белі бүгіл­ді, бұтасы үгілді, жапырағы төгіл­ді. Бірақ діңгегі құламай дін аман қалды. Себебі оның тамыры тереңге бойлаған. Тамыр дегені­ңіз – ол біздің өткеніміз, тарих бой­ғы тәжірибе құнарын ұлт бойына дары­тып, сол алып бәйтеректің діңге­гін нықтап, бұтасын көгертіп, жапы­рағын жайқалтатын жалғыз күш. Бірде, көп балалы аналармен болған кездесуде, жасы 80-ге таяған, өзін 12 перзенттің анасымын деп таныстырған бір әже: «Қарақтарым! Тәуелсіздік бізге тәңірдің берген үлкен бақыты. Біз, шалымыз екеу­міз, осы тәуелсіздікке қалай үлес қос­сақ екен деп көп ойланамыз. Үлкен кәсіпкер емеспіз қаржылай қоса салатын, үлкен қызметкер емес­піз, жай ғана зейнеткерміз. Бірақ тереңінен ойласақ біздің әлі де қосатын еңбегіміз көп екен. Бірін­ші­ден, біз балаларымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек екен. Әр үй­дің баласы тәрбиелі болса, қоғам тәр­биелі болады. Екіншіден, өз үйі­мізді таза ұстауымыз керек екен. Әр үйдің іші, есігінің алды таза болса, ауылымыз, еліміз таза болады. Үшіншіден, өз көршімізбен тату тұруымыз керек екен. Әр көрші тату болса, еліміз ынтымақта болады. Әрбір отбасы осы үш қағиданы дұрыс ұстанса біздің тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміз мықты болары сөзсіз», дегені есімде. Бұл қарапайым ғана, ауылдағы «Батыр ананың» сөзі. Ұлы сөз. Осыдан артық айту да мүмкін емес сияқты.  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­­ғы­ру» мақаласында «Жаңғыру атау­лы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», деп атап көрсет­ті. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы­­ның кепілі. Әр бала атаның қаны­­мен, ананың сүтімен келетін туабітті қа­сиеттер сияқты ұлттық рухани құн­дылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ. 

Әли БЕКТАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты

1 393 қаралым