Жарияланды: 14.10.2018

Бау-бақша көшеттерін дайындаумен айналысады

Түркістан облысында бүгінде жылыжайлардың отаны деп атаса да артықтық етпейді. Өйткені еліміздегі жылыжайлардың 80 пайызы күнгейде. қызанақ, қияр егумен айналысатын жылыжайлар тіптент көп. Ал көшет өндірумен айналысатындардың қатары да артып келеді. Қазығұрт ауданындағы «Сайдусман  ата» шаруа қожалығы биыл 1,5 млн. түп көшетті өндіріп, нарыққа шығарды. Аталған кооператив 3 гектар жылыжайда көкөніс өнімдерін өсіріп, бау-бақша көшеттерін дайындаумен айналысып келеді.  Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылдық округіндегі бақша өнімдерімен айналысатын  «Сайдусман  ата» шаруа қожалығы өңіріміздегі ірі шаруашылықтардың бірінен саналады. Қожалық төрағасы Сайдалы Тұрсынов жобаны бастауға жеке қаражатынан 45 млн. теңге жұмсаған. «2017 жылы 500 мың түп көшет дайындалды. Ал 2018 жылы 1,5 млн. түп көшет дайындап,  облыс көлемінде сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші маусымында 2,5 гектар жылыжайға қызанақ егіп, 210 тонна өнім алсақ, екінші маусымда сол орынға қияр егіп, 140 тонна өнім жинадық. Тауарымызға деген сұраныс Астана, Алматы қалаларынан бөлек, Ресейден түсіп жатыр», – деді Сайдалы  Тұрсынов. Қазіргі таңда қожалықта 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 40 адам маусымдық жұмыстарға тартылады. Орташа айлық жалақылары 50 мың теңге көлемінде. Қожалық иесі алдағы уақытта шаруашылығын мал бордақылау алаңы мен интенцивті баумен толықтыруды жоспарлап отыр.

 

1 339 қаралым