Расында, аналардың мейрімі мен шуағынсыз ешбір шаңырақ шаттыққа бөленбейді. Бала-шағаның, үйдегі отағасының жайын ғана емес, сондай-ақ, ақ жаулықтыларымыз қалың елдің қамын да ойлап жүреді. Оған жуырда ғана Түркістан қалалық мәдениет үйінде өткен областық Қазақстан халқы Ассамблеясыны жанындағы аналар кеңесінің жиыны дәлел. «Аналар – шаңырақ шуағы» атты бұл шараға облыс аумағындағы барлық өңірден аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері, оқу орындарының оқытушылары мен студент жастары қатысты. Тек нәзік жандылар жиналған бұл кездесуде негізінен ұрпақ тәрбиесі жайлы сөз қозғалды. Ақ жаулықты аналар жас буынға ұрпақ тәрбиесін және тәрбие жолындағы мәселелерді қалай шешуге болатынын айтып өтті.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, еліміздің дамыған елдер қатарына қосылуы үшін, әрине, жас буынның тәрбиесіне мән беріп, оның саналы, білімді, мәдениетті, жан-жақты болып өсуін қадағалау керек. Елбасымыздың өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да ұрпақ тәрбиесі мен оның рухани жаңғыруына көп мән беру керектігін айтқан. Ол үшін, әрине, бесік тербеткен аналардың атқарар рөлі орасан.