Түркістан облысына қарасты Келес ауданының тұрғындары, Түктібаевтардың шаңырағында жақында қуанышты жағдай орын алған болатын. Жас ана Аяжан Төленді қыркүйек айында перзенттерін, яғни, үш сәбиді өмірге алып келген болатын. Бұл Келес ауданында дүниеге келіп отырған тұңғыш үшем. Соған байланысты, бұл жаңалық назардан тыс қалмай, жергілікті әкімдік кішкентай сәбилердің ата-анасына бес бөлмелі пәтердің кілтін сыйға тарту етті.
Түктібаевтардың шаңырағында енді екі бірдей қуаныш. Төрәлі, Фтима, Зәуре есімді үш бірдей сәбидің ата-анасы атанумен қатар, жаңа баспанаға ие болу да Дәуірбек пен оның жұбайы Аяжанның қуанышын еселей түсті. Себебі, бұған дейін де үш баланы тәрбиелеп-өсіріп отырған олар, енді алты баланың ата-анасы. Одан бөлек олар, осыған дейін үш отбасы бір шаңырақтың астында тұрып келген екен. Енді жаңа пәтердің арқасында, бөлек шығып, ата-аналарын да қолдарына алған.
Ал сәбилерге келер болсақ, олардың жағдайы медицина қызметкерлерінің бақылауында. Оларға арнайы ауданнан медбике бөлінген.
— Балаларымның жағдай өте жақсы. Медбикелер жиі келіп, күнделікті жағдайын қадағалап отырады. Апта сайын салмағын өлшеп, бәрін жіті назарда ұстап отыр. Аллаға шүкір, жақсы өсіп келе жатырмыз, — деді үшемнің анасы Аяжан Төленді.
Ал жас отбасына қуанышымен құттықтай келген аудан басшысы Ақментай Есбаев үшем сәбидің шаңырағына күнделікті пайдалануға қажетті тұрмыстық техникалық жабдықтарды сыйлады.