Жарияланды: 12.10.2018

Берік отбасы — берік мемлекет

Отанды сүю — отбасынан басталады. Әрбір отбасыны шағын мемлекет деп қарастырар болсақ, әр шаңырақтың өз ұстанымдары мен заңдылықтары бар. Соған қарап, онда өсіп келе жатқан жас ұрпақ та бой түзеп, өз сана-сезімін қалыптастырады. Отан сүйгіштік, патриотизм, ұлтжандылық, мейірімділік, сондай-ақ, имансыздық пен жауыздық, мейірімсіздік пен аяусыздық та осы отбасында алған тәрбиесінен бастау алады. Сол себепті, елім өссін, өркендесін деген әрбір адам өз шаңырағындағы тәртіпті қалыптастырып, отбасылық құндылықтарын дәріптей білуі тиіс. Және ұрпағын да соған бейімдеп өсіргені абзал. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да отбаслық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді сақтауға көп көңіл бөлуді нықтап айтуда. Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған «Үлгілі отбасы» байқауы соның бір дәлелі. Биылғы байқау «Болашаққа қарап, қоғамдық сананы жаңғырту» деген тақырыпта өтті. Аталмыш сайысқа 8 отбасы қатысып, 5 кезең бойынша өнер көрсетті. Қатысушылар ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды насихаттап, көпшілікке әдемі жеткізе білді.

Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға дипломдар мен сыйақылар  табыс етілді. Бірінші орын иегерлері 200 мың теңгеге ие болса, екінші орынға 150 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңгені қанжығаларына байлап қайтты. Өзге қатысушыларға да алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

8 095 қаралым