Жарияланды: 12.10.2018

Тату отбасы. Бақытты бала. Гүлденген ел

«Тату отбасы. Бақытты бала. Гүлденген ел». Дәл осындай атпен Түркістан облысы Ордабасы ауданында конференция болып өтті. Конференцияның негізгі мақсаты, аты айтып тұрғандай отбасындағы татулық пен ынтымақты, жайнаған жасыл әлемде балалардың бақытты өмір сүруін айту. Қазіргі таңда, айрылысқан жұбайлар қаншама?! Ата-аналардың қателігінің салдарынан зардап шеккен сәбилер де аз емес. Алаңсыз өткізер балалық шағын бақытпен емес. тіпті, кейбірі балалар үйінің мейірімсіз қабырғасында өткізуде. Осының барлығы да жастарымыздың өз отбасында дұрыс тәрбие алмағандығынан. Әрбір жас өспірім жас шыбық тәрізді. Қалай майыстырсаң, солай қарай майысады. Бұл конференцияның мақсаты да сол, өскелең ұрпаққа дұрыс бағытты көрсетіп, жол сілтеу.

Жиын барысында, Түркістан облысының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Марат Сәдібек сөз сөйлеп, жастарды «кісі» емес, «кіші» болуға шақырды.

— Ата-бабамыз үлкенге құрмет-кішіге ізет көрсетуді басты ұстаным ретінде қабылдаған.  Біз осы қағиданы келер ұрпаққа үлгі етіп, жеткізіп отыруымыз қажет. Үлкнге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіруді санаға сіңірген әрбір отбасында тұрақтылық пен ауызбіршілік азаймайды. Ынтымағы мықты болады. Сондықтан біз осы қағиданы қалыптастыруымыз қажет, — деді Марат мырза.

Сондай-ақ, басқарма басшысы тағы бір өзекті мәселеге тоқталып өтті. Ол — аймақтағы мектептерде жұмыс істейтін психолог мамандардың білімсіздігі. Мамандардың басым бөлігі сырттай бөлімді бітірген. Яғни, 100 пайыз өз ісінің маманы емес. Бұған қоса, көп ата-ана бала тәрбиесіне мектеп пен мұғалімді жауапты санап, ал өздері өмірдің күйбең тіршілігімен баласына қарауға мұршасы жоқ. Осындай салғырттықтың салдарынан мектеп жасындағы балаларымыз өз білгенімен жүр. Оған жыл басынан бері осы Ордабасы ауданының өзінде мектеп оқушыларының қатысуымен онға жуық қылмыстық істің орын алғаны дәлел. Былтырғы жылмен салыстырғанда, бұл әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Осыны жою үшін бала тәрбиесін тек мектепке ысырып қоймай, мұғаліммен қоса, ата-ана, қоғам болып жан-жақты қолға алу қажет.

1 417 қаралым