Түркістан облысындағы барлық аймақты қамтитын тағы бір жаңа жоба қолға алынды. Суицидтің алдын-алу бойынша жұмыс істейтін бұл жобада зорлық-зомбылықты болдырмау шаралары қамтылады. Психология саласындағы жаңа әдістер мен заманауи техникалар оқылатын болады. Үстіміздегі жылды, бүгінгі күнге дейін алып қарайтын болсақ, жеткіншектер арасында түрлі деңгейдегі 180 қылмыс тіркелген. 157 жасөспірім суицидке оқталып, оның 72-сі қайғылы жағдайға ұшыраған. Әлі он екіде бір гүлі ашылмаған жас буынның мұндай жағдайларға тап болуы әрине көңілге кірбің ұялатады. Аталмыш курс осындай жәйттердің алдын-алу үшін жастарға қажетті психологиялық кеңес беріп, демеу білдіру мақсатындақолға алынып отыр.
Түркістан облысы әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығының қолдауымен орын алып жатқан бұл оқыту курсында 1000-ға жуық педагог-психолог біліктілігін арттырады деп көзделуде.
Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Береке Дүйсебековтың айтуынша, мұнда қатысқан психолог-педагог мамандар жан-жақты дәріс алып, білімдерін жетілдіреді.
— Бағдарлама бойынша дәріс алған мамандар ғылымның әрбір бағыты бойынша білімін жетілдіріп, түрлі жағдайлардың алдын-алуға машықтанады. Сөз арқылы кез-келген мәселені шешуге болады. Психологтардың да басты қаруы сөз болмақ. Олар керек кезде керек сөзді айта білуі тиіс. Жағдай орын алғаннан кейін емес, сол жағдайдың алдын алу методикасын, жеке-жеке консультация жүргізу тәсілін меңгереді. Бұл үшін Алматыдан арнайы келген білікті мамандар «ReFrame» Тұлғалық дамыту орталығында заманауи технология көмегімен мамандарды оқытып жатыр, — деді Береке Дүйсебеков мырза.
Курс 5 кезең бойынша оқытылады. Теориямен қатар, практика жүзінде де жұмыстар жасалып, оқу барысында үйренген методикалық әдістерін көрсетеді. Аталмыш курс бойынша, 435 психолог өз оқуын аяқтап та үлгерді. Енді олар қазан айында жоспарланған психологтардың алғашқы форумына қатысуға ниеттеніп отыр.