Жарияланды: 12.10.2018

Mega Mi орталығы — баланы шашпаң ойлап, жылдам шешім қабылдауға үйретеді

«Mega Mi». Шымкентте осындай атаумен алғаш рет балаларды жапондық әдіспен оқытатын орталық ашылды. Ол -шетелдік әдісті қазақ менталитетіне икемдеп, бала зейінін дамытады. Орталықтың ерекшелігі сол, нейрогимнастика жаттығуларын жетік меңгерген мамандар кез-келген баланың қабілетін ашуға тырысады.

Пайымы бөлек, ойы зерек баланың миын жаттықтырып, қабілетін дамытатын бастама — Жанат Қаныбекқызының идеясы. Орталықты ашпас бұрын ол әуелі Тараз қаласында оқу курсынан өтті. Бұл саланы жетік зерттеді. Оқыды. Білді. Тиімділігіне көз жеткізді. Сөйтіп, әлемдік тәжірибені бағамдай келе, жапондық әдіске тұрақтайды. Себебі, күншығыс елінің бүлдіршіндері жарқын болашағын тек біліммен бағдарлап отыр.         

Жанат Мистаева – «Меga Mi» оқыту-дамыту орталығының жетекшісі

Бастағанымызға үш ай болды. Нейрогимнастика әдісі оң нәтиже беріп жатқанын көрдім. Біздегі барлық педагогтар жоғары білімді. Біз әрине, балалармен жұмыс істеуді қатаң қадағалайтын боламыз

Нейрогимнастика — баланы шашпаң ойлап, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Ұйқыда жатқан нейрондарды оятып, ми қыртысының жұмысын қалыпты 7 пайыздан 53 пайызға жеткізеді екен. Бала тіпті, саусақ ұшындағы жүйке талшықтарын жұмыс істетіп, қарымын байқайды. Есте сақтау қабілетін арттырып, өз мүмкіндігін мейлінше дамытады. Өз баласының көңіл толар көрсеткішін байқаған Тұрсынай Нұрсейіт аталған орталықтың жұмысына ерекше ілтипатпен сенім білдірді. 

Тұрсынай Нұрсейіт – ата-ана

Мен баламды осы орталықтағы нейрогимнастика бөліміне әкелдім. Бір таңқаларлығы – 3 аптаның ішінде нәтиже бар. Есте сақтау қабілеті төмен баламның жаттауды әп сәтте жаттағанын көріп қуандым. Бала үшін барымызды саламыз ғой…

Облыс көлемінде ашылған  оқыту орталықтарының дені-әйел азаматтарға тиесілі. Ұрпағының болашағына алаңдаған ана ең алдымен, сапалы білім, саналы тәрбие ошағын іздейді. Сондықтан болар, өңіріміздегі 120-ға жуық іскер әйелі өз кәсібінің бағытын біліммен байланыстырып жатыр. 

Алма Архабаева – Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы

Біз өте жас нациямыз. Ұрпақ санасын қалай дамытатынымыз тікелей өзімізге байланысты. Қалай білім алады, мемлекет мүмкіндігін игеру үшін осы орталықтардың еңбегі орасан.

3 ай бұрын алғашқы оқушыларын қабылдаған орталықта қазір 50-ден астам бала бар. 5-жастан бастап, барлық бүлдіршінді нейрогимнастика әдісі бойынша оқытады. Бұдан бөлек, мектепке даярлық, ұзартылған күн сабағы, ағылшын, орыс тілдері, арт-студия, мега жады және мега логика қосымша курстары сіздің балаңызды оқытуға әзір.

дереккөз: shymkenttv.kz

1 123 қаралым