Жарияланды: 13.10.2018

«Отбасы» аллеясында балалар алаңшасы ашылды

Шымкенттегі «Отбасы» аллеясында балалар алаңшасы ашылды. Игілікті іске мұрындық болған «Қазақстан Халық Банкінің» Түркістан облыстық филиалы балғындарға қуаныш сыйлады. Әл-Фараби ауданы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған шара қаржы компаниясының «95 жыл – 95 игі іс» жоспары аясында жүзеге асып отыр.

«Отбасы» аллеясы Қошқар ата өзенін бойлай орын тепкен. Сəн-салтанаты жарасқан саялы демалыс орны мегаполис тұрғындары үшін таптырмайтын серуен алаңы. Мұнда жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша көпқабатты үйлердің ауласына бірқатар ойын элементтері қажет болған. Осыны ескерген «Халық Банк» ұжымы балғындарға тосынсый жасады.

Ғабит Мәуленқұлов – Әл-Фараби ауданының әкімі

— «Халық Банкіне» өтінішпен шығып, оның ішінде тұрғындар өтініші бар. Жалпы, кешкі уақытта бұл жерде ең кемі 3 мыңнан 5 мың адамға дейін қыдырып жүреді. Оның көбісі, осы балапандар. Сол балғындарға кешкі отбасылық орны, балалар ойнайтын ойын алаңшасы қойылса деген өтініш жасалған болатын. Осы бойынша біз «Халық Банкіне» шықтық. Балаларға ойын алаңшасын салып берді.

Балалар көптен күткен ойын алаңында алаңсыз асыр салып жүр. Осындай жомарт, жаны жайсаң азаматтардың ізін көріп өскен ұл мен қызда ұлттық сана, адамгершілік қадір-қасиет жоғары болмақ. Ойын аттракциондары балалардың көңілінен шықты.

Жанерке Сапарбек – қала тұрғыны

— Біз бүгін өте қуаныштымыз. Бізге осындай керемет, ойнайтын жер салып берді. Өзім осы маңда тұрамын. Әдемі ойын алаңшасын салып берген «Халық банкіне» көп рахмет.

Тұрғындар мен үй төрайымдарының алғыстан өзге айтары жоқ.  Балақайлар мəз-мейрам. Ал, «Халық Банк» қызметкерлері жыл соңына дейін түрлі бағыттағы істерге демеушілік жасауды жалғастыра бермек. (shymkenttv.kz)

937 қаралым