Түркістан облысында 23 жастағы келіншек дүниеге үшем әкеліп, көпбалалы ана атанды. Келес ауданы, «Бірлік» елдімекеніндегі Түктібаевтар әулетінде үлкен қуаныш. Аяжан Төленді есімді келіншекті облыстық №1 перинаталдық орталық дәрігерлері босандырып алды. Қазір сәбилердің жағдайы жақсы.
Төрәлі, Фатима, Зәуре. Бұл – 3-қыркүйек күні дүние есігін ашқан бөбектердің есімі. Туылғанда әрбір баланың салмағы шамамен 2 келі болған. Үшемдер ай-күніне жетпей, 7 айлығында шала туылды. Сондықтан, перзентхана дәрігерлері сәбилерді ерекше күтімге алған.
Аяжан Төленді – үшемнің анасы
— Күтпеген жағдай болды. Өзім де УЗИ-ге барған кезде «шок» болдым. Үйде 3 балам бар. Қуаныштымыз. Бастапқыда екеуі кислородпен демалатын. Қазір бәрі өздігімен демалады. Жағдайлары жалпы жақсы.
Небәрі 23 жасында батыр ана атанған келіншектің үйінде үйелмелі-сүйелмелі тағы үш ұлы бар. Ақ халаттылар қазір үшемнің анасының мен нәрестелердің денсаулығы жақсы екенін айтады.
Гүлнәр Нұрмұхамедова – №1 облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі
— Төленді отбасында үлкен қуаныш. 2 қыз, 1 ұл дүниеге келді. Басында ота жасау арқылы туылған сәбилердің жағдайы орташа болған. Қазіргі таңда балалардың саулығы бірқалыпты. Біз де өте қуаныштымыз.
Бұл — биыл Түркістан облысында дүниеге келген сегізінші үшем. Статистикалық мәліметке сүйенсек, былтыр 76 353 сәби дүниеге келген екен. Олардың жартысына жуығы миллиондар қаласында туылған. Бала туу көрсеткіші бойынша алғашқы қатарда Сарыағаш, Мақтарал және Сайрам аудандары озып тұр.