Жарияланды: 14.10.2018

Балаңызды қараусыз қалдырмаңыз

Бауыр еті баласының болашағы кез-келген ата-ананы бей-жай қалдырмасы анық. Олардың дені сау, саналы, білімді болуы үшін қолынан келгенін аянбайды. Қатарынан қалмасын деп, мектеп жасындағы баласына ұялы телефон әпереді.  Ал, кейде сол сымтетікті дұрыс пайдаланып жатқанынан бейхабар болады.  Ғаламтор шырмауына байланған баланың болашағы қандай болмақ? Өзіне ессіз байлап қойған әлеуметтік желілерде қауіпсіздігін қалай тексеруге болады? Осы сұрақтар маза бермесе мына кеңеске құлақ түріңіз.

Балалардың виртуалды достары жайында көбірек сұраңыз, олар немен шұғылданып, қандай жайттарға әуестігін біліңіз. Сондай-ақ,, қандай адамдармен хат-хабар алмасып, кімге көп хабарлама жіберетінін сұраңыз. Және бұл адамдар оның таныстары екеніне көзіңізді жеткізіңіз. Балалар қандай чаттарға тіркеліп, ақпарат жинайтын сайттарынан хабарыңыз болыңыз. Бүлдіршіндердің жасырын режимінде сөйлесулеріне жолбермеңіз. Ғаламтордағы достарымен кездесуіне ешқашан келісім бермеңіз. Балаларға электрондық почта, сөйлесу бөлмелері, жылдам хабар алмасу жүйелері, тіркеу формалары, дербес профилдер арқылы және ғаламтордағы конкурстарға тіркелу кезінде ешқашан жеке ақпаратты таратуға болмайтының ұғындырыңыз. Балаларға сіз рұқсат бермегеніңізше бағдарламаларды, музыканы немесе файлдарды жүктетпеңіз. Басқа жағдайда олар авторлық құқықты және сол арқылы заңды бұзуы мүмкін екенін түсіндіріңіз. Балаңызға ғаламтор арқылы біреу қоқан-лоқы қөрсетіп, дөрекі сөйлеп, мазасын алса, бірден айтуға үгіттеңіз. Спамдардан қорғануға көмектесіңіз. Балаларға интернет арқылы электрондық пошта мекенжайын бермеуге үйретіңіз, қажет емес электрондық пошта хабарларына жауап бергізбеңіз және арнайы пошта сүзгілерін пайдаланыңыз. Балаларыңыз кіретін сайттарды жеке көріп шығыңыз. Олар қорлау мазмұны бар сайттарға кірмейтініне, жеке ақпаратты немесе фотосуреттерін жарияламайтындығына көз жеткізіңіз. Балаларды қатыгездікке және зорлық-зомбылыққа, өзін-өзі өлтіруге үгіттейтін интернет ресурстарынан қорғаңыз. Интернеттегі заттарды сатып алу немесе сату алдында балалар сізбен кеңесетініне көз жеткізіңіз. Балалармен ғаламтордағы құмар ойындары жайында және одан келетін қауіп туралы сөйлесіңіз. Оларға бұл заңсыз екенін ұғындырыңыз.

1 330 қаралым