Жарияланды: 13.10.2018

Үйдің берекесін кіргізетін әйел

Қариясы бар үйқазына.  Әсіресе, әулеттің әрін келтіріп, кейінгі ұрпағының құлағына  ізгі ақылын құйып, өмірдің жөнжосығын көрсете жол сілтеп отырар аяулы әжең болса, ол бір алтын көмбемен тең ғой. Осы күні әлдеқандай қария кісіні жазғыратындар, көпекөрінеу сөгетіндер де табылады. Мұндайда әдемі қартая білу де өнеге ме дерсің?!

            Көкірегі өсиет пен шежіреге толы, көненің көзін көрген, үрім-бұтағы десе аузында айтары бар, берер тәлімі мол Дәнекүл апа бүгінде сексеннің бел ортасын бағындырып отыр. Тұңғыш балаларының өзі алпысты аралап, немерелерінің алды азамат болғаны қашан. Қара шаңырақта шүпірлеген шөберелерімен бірге кейде бала сықылды шаттанып, қапелімде солардың жүзін мұң торласа, аналық жүрегімен қамығып, алаңдап қалар. Дүниенің өзі солай ғой, бірде қатты, бірде тәтті. Алып мұхиттың адуынды толқындарынан аман жүзіп, бағыт-бағдарын білген кеме сияқты, Дәнекүл апа да бар саналы ғұмырын бала тәрбиелеуге, оларға жолсыз жерде жарық беретін шамшырақ болуға арнаған. Өзі он бір құрсақ көтеріп, тағдырдың тырнағынан аман қалған тоғызын үзеңгілестерінен кем қылмай өсірді, ержеткізді.

            —Құдай қосқан қосағым Әбдіқадыр Мансұров деген кісі, елжұртқа танымал, заманында тұлға болған абыройлы азамат еді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданына қарасты Дермене ауылын танымайтын адам кемдекем шығар. Кезінде дәрілік шөп өңдейтін зауыты бар, дүрілдеген Дермене ғой ол, — дейді Дәнекүл апа өткен дәуірін есіне ала әңгімесінің шетін суыртпақтап. — Балам, біз ерте есейдік, беліміз қатпаған сәби қалпымызда соғыс жылдарында еңбекке араластық. Әбдіқадыр аталарың 1926 жылы Арыстың маңындағы Қостүйін деген жерде дүниеге келген, өзім 1929 жылы туылғанмын, төркінім Темірлан жақта.

            Көзімді ашқаннан отызыншы жылдардағы халықты баудай қырған ашаршылықты да, жоқшылықты да көрдім, ес біліп, етек жапқалы алқапта таңның атысы, күннің батысына дейін қап арқалап мақта теретінбіз. Қарнымыз тойып тамақ жемей, тұрмыстан тарығып, теперіш көрсек те, адамилығымыздан арылмадық. Соғыс талай жанды жалмады, талай жүрекке жара салып жылатты. Елдің еңсесі сол баяғы елуінші жылдардан кейінгі жаймашуақ бейбіт өмірден кейін ғана көтерілді ғой, әйтпесе оған дейін көрген күніміз күн болған жоқ. Мен он жеті жасымда келін болып түстім, — деп Дәнекүл апам сөзін үзіп, әрі ойланып, әрі демалып тыныстап алғысы келгендей тым-тырыс отырып қалды. Сексен бестен сексен алтыға қарап барады, оңай жас емес, сонда да болсын, асылдың сынығы ғой, таяққа сүйенсе де, өзі жүріп тұрады, ойы мен сөздері нық, тек құлағының ауырлағаны болмаса.

            Он жеті жасында босаға аттап, түтін түтетсе, содан бері аттай жетпіс жылға жуықтапты. Жетпіс жыл деген тұтас бір адамның ғұмыры, жетпіс жыл осы қастерлі шаңырақтың тілеуін тілеп келеді, көсегесін көгертіп, жан жылуына, аналық махаббатына бөледі. 1953 жылдан отағасы Әбдіқадыр ата Дермене ауылының дәрі-дәрмек дайындау бөлімінің бастығы болып қызмет еткен екен, басшы болған соң, үйге келімді-кетімді кісі жиі келеді, сол себепті дастархан қашан көрсең жаюлы, қазан асулы болған.

            —Апамның қазаны оттан түспеген, — дейді үлкен келіні Мәрия Әбдіқадыркеліні шәй үстінде. — Тіпті, күн құрғатпай қонақ күткендіктен бе, әйтеуір апам үй шаруасын жалғыз өзі шырқ үйіріп әкететін еді. Тірліктің қандайына болсын үлгеретін, қашан көрсең үйдің іші мұнтаздай таза, мейман күтіп отыр ма деп қаласыз. Біздер жаңадан келін болып түскелі тапсырмамен «совхоздың» жұмысына шығып кеттік, ол шақтарда еңбек заңы солай болатын. Кешке таман жұмыстан келгенде, арқасында таңулы немересі бар, бір қолында иіріп тұрған ұршығы, екінші қолында ожауы бар ошақ басында ас пісіріп тұрған апамды көретінмін. Етті боршалап жілік-жілігімен тұздап, орынорнына қойғанда көз ілеспейтін. Ал, апамның жиған жүгін көрсеңіздер, титтей шашау шығармай көрпетөсектер оқтаудай түзу жиналатын. Ол замандарда үй ішінде артықауыс тұрған жиһаз деген жоқ, есіктен бас сұққан адамның көзі тек сандық үстінде жиюлы тұрған көрпеге түсетін болған. «Қыздың жиған жүгіндей» деген мәтел апама қарап телінгендей

            Абысыны Мәриядан кейінгі түскен келін Нағима апай айтады: — Апамның тағы бір қыры, өмір бойы қолдан кілем мен алаша, сырмақ тоқып келді, үйдің қабырғаларына сәндеп ілетін картиналарды да әшекейлеп тоқып шығатын. Құрақ көрпенің оюын түрлендіріп, бір демде он бесжиырма көрпені өзі қарпып, өзі тыстап, өзі көктеп тігетін ісмерлігі өз алдына. Ұлқыздары отау тіккенде әрбіріне енші мен жасау беріп, кілем мен киізге балаларының есімін жазып, қолымен көрпетөсегін тарататын. Қазір қолдан кілемалаша тоқудың технологиясын білетіндер тым аз. Апамның қасында жүріп үйренгеніміз көп, қойдың жүнін тазалап, оны қолмен түтіп, иіріп болған соң, қызылдыжасылды етіп бояп, нақ әбден жіпке айналған шақта өрнек ағашқа жүгіртіп өткіземіз, жіптің еркегі, ұрғашысы болады, ұрғашысын арқауға іліп қойып, тоқпақпен ұрғылаймыз, содан әлгі жіптер бетіне шыққан мезетте қайшымен тегістеп қырқып, қажет деген ою-өрнектің үлгісін пішіп салып дайындаушы едік. Апамның үйді ұстауы, қонақты кәделеп күтуі, он саусағынан тамған қолөнері, асты нәшіне келтіріп әзірлеуі бәрі де тәрбие мектебі десе болады, білгенге бұл да өмірдің сабағы.

            Рас, тұлымшағы желбіреген өрімдей кезінен Дәнекүл апа ұлттық салтты, дәстүрді бойына сіңіріп өскен қазақ әйелі екенін ә дегеннен аңғарасыз. Өйткені, ертеде түскен келіндерінің өзі осы күні ене атанып, шашына ақ кіріп, Пайғамбар жасына жетіп, салихалы бәйбіше болған, енелерін көргенде сол бәз-баяғы әдетінше әлі иіліп сәлем салады. Немере келіндері алдын бір кесіп өткен емес.

            -Балам, «асты табатын еркек, берекесін келтіретін әйел«, шалым көзі тірісінде жейтін астан, киер киімнен балашағасын кенде еткен жоқ, мен қожайынның тауып әкелген ырысын төкпейшашпай жинап отырдым. Мен келін болып түскен әулетқара қылды қақ жарған, тарихта жеті Жарғыны жазған Тәуке ханның тікелей ұрпағы болады, сол ошақтың өрісін кеңейтемін деп өмір сүрдім. Үлкен қайынбикем ертеректе жастай дүние салып, көзінен қалған үш баласын, тағы одан кейін қайынсіңлім жесір қалған себепті оның да баласын өз перзенттеріммен тең көріп, бағыпқақтым, шырағым.  Басаяғы он төрт бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдым.          

Кие қонған шаңырақтың құты болған осындай асыл әженің ортамызда қауқиып отырғаны үлкен бақыт, немелері мен шөберлеріне көз қуаныш, ұлқызына мерейлі мәртебе екен.

Құралай АХМЕТОВА

 

 

1 248 қаралым