Жарияланды: 14.10.2018

Әйелдер бизнесінің стартап жобалары қаржыландырылатын болады

Жеңілдетілген несиенің жаңа бағдарламасын нәзік жандыларға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ ұсынып отыр. Бұл бастама «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Түркістан облысында  кәсіппен айналысатын қыз-келіншектер көп. Кондитерлік өнімдер өндіріп, ауыл шаруашылығында тер төгіп жүргендер жетерлік. Бұрымды бизнес-бикештер осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктерге ие болып келді. Енді нәзікжанды кәсіпкерлер 10 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады.  Күні кеше сала мамандары күнгейлік ханымдарға жаңа бағдарламаның талаптарын жан жақты түсіндіріп берді. Несиенің жылдық пайызы небәрі 5 пайызды құрайды. Осы салада нәпақасын айырып жүргендер бұл өте тиімді дейді. «Халық банкі» әйелдер бизнесін, олардың стартап жобаларын, айналым капиталын қаржыландыратын болады. Өте тиімді шартпен берілгелі отырған несиеге кәсіпкер келіншектер қуанулы болғанымен, әлбетте кепіл мүлкі болуы деген шартқа қиналыңқырап тұрғандарын жасырмайды. Дегенмен, алмақтың да салмағы бар. Ертеңгі күні берілген қаржының қайтарымы болуы тиіс. Сол үшін де бұл қажетті тетік болып табылады. Жеңілдетілген несиеге жыл соңына дейін кем дегенде 100 адам қол жеткізуі тиіс. Банк өкілдері болса қомақты қаражат кез — келген салада жүрген қыз-келіншектерге берілетінін айтып отыр.Ол үшін кәсібін дамытатын, өндірісімді өрлетемін деген қыз-келіншектер өңірлік Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады. «Халық банктің» қоятын шарттарына сай, қажетті құжаттарын дайындап көмек қолын созады. Мүмкіндікті пайдаланып қалуға әлі де уақыт бар.

926 қаралым