Жарияланды: 14.10.2018

Неке неден бұзылады?

Соңғы уақыттарда екі жастың үйленуі үшін несие алып, барынша шашылатындар, артынан еш қам жемей ажырасуға асығатындар артып келеді. Кереге кеңейтуді көксейтіндер кеміп, қоғамға салтымызға сай келмейтін салт бас­тылар еніп келеді. Бірі махаббат отының сөнгенін, енді бірі жиған-тергенін, тіпті, бірі өзгеден көргенін алға тартып жалғызбастылыққа, оған да емес-ау, еркіндікке еліте түсуде. Отбасылық өмірдің аз-маз қиындығын көз көрген соң, тартып отырып сотқа жүгіретін жастардың бойында жауапкершілік жүгін сезіну тыйылып барады. 

Осы тақырыпқа талдау жүргізіп, ажы­ра­судың алғышарттарын ажыратып, аудан тұрғындарының назарына ұсынамын:

 Түркістан облысы, Түлкібас ауданы бойынша АХАТ бөлімінің мә­лі­меттеріне жүгінсек, ағымдағы жыл­дың 1-ші жартыжылдығында, ауданы бойынша 298 неке тіркеліп оның  23-ші өзара келісім бойынша,  64 сот арқылы бұзылып отырған көрінеді.

Ағымдағы жыл­дың 1-ші жартыжылдығында Түлкібас аудандық сотымен, 120 неке бұзу туралы талап арыз тіркелген, оның 81 қаралып 64 неке бұзылып, 16 неке медиаторладың көмегімен татуласым талап арыздары кері алған.

Мұндай көрсеткіштер жыл са­йын айтылып, көрсетіліп келеді. Тек, проблема сол күйінде тұр.

Себебі, жаһандық сипат алған бұл мәселенің себептері мен салдары көп. Бүгінгі таңда әлем бойынша отбасы тұрақсыз институтқа айналып келеді.

Ажырасу себептерінің бірі — көзге шөп салу. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі алдауы, көңіл жараспаушылықтан туындайды. Ал екінші себеп — алкогольді ішімдікке салыну мен есірткі қолдану фактілері. Әрі қарай, бедеулік немесе бала сүюден қашу мәселесі көлденең тұ­рады. Бүгінгі таңда мансап жо­­­лында балалы болудан бас тартатын іскер әйелдердің кө­бейіп кеткендігі ерлердің нара­зылығын тудыруда. Осы себептен жас жұбайлардың арасында келіспеушілік туындайды.

Соңғы он­жыл­­дықта ажырасуға үлес қосып келетін жаңа себеп компьютер ойын­дарына тәуелділік екен. Күндіз-түні монитор алдында отыратын ерінің зайыбына назар аудармауы ажырасуға бірден-бір себеп.

Ендігі кезекте жалған (фиктивный) некеге тұрып, заңды некені әдиге бұзғыштарда артып келеді. Онын басты себебі Заңды айналып өту деп есептеймін. Көптеген азаматтар мен азаматшалар пәтерге кезекке тұру үшін заңды некелерін бұзуда. Ал кей шетель азаматтары неке арқылы Қазақстан Республикасының азаматтығын тезрек алу мақсатында жалған некеге тұруда.

Ал о баста «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазақтың салтына кірер, үлгі аларлықтай үрдіс осы ма еді?

Әлеммен бірге аяқ алысып, өзге елдермен иық тірестіріп да­мып келе жатқан жас мем­лекетіміздің жаһанданудан қа­лыс қалуы мүмкін емес. Тек даму жолында тамыр-тари­хы­­мызды, ұлтымыздың ұсты­нын, ата-баба салты мен діни құн­дылықтарымызды жоғалт­пауымыз қажет. Гендерлік сая­сатты ұстанғанда әйелдер мен ерлердің құқығы тең болуы әлем көшіне іліккен соң, жөн де шығар. Тек, бұл сая­сат әйелдерді жоғары қыз­метке қойғанымен, олардың отбасындағы орны қа­шанда бөлек екенін әрбір нәзік жанды өзі ұғынуы тиіс-ақ. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын тұрмыс құрған қыз-келіншектердің төр­кінге қайтып келуі өліммен тең бол­ғанын үлкендер жағынан жиі естиміз. Ұзатылар қызына «тастай батып, судай сіңуіне» кеңес беріп, келіндік қызметін жөнімен атқаруға жол сілтейтін аналардың бүгінгі таңда мақалы да өзгерген. «Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» дегенді алға тартып, тұрмыстың түрлі сынына төзбеген қызын ажырасуға өзі үгіттейтін аналар көбейді. Айтар болсақ, ажырасу ардың ісі емес, бардың ісі секілді. Бұрынырақта ажырасқанда кімге сыямын не­месе қайда барамын дейтін келін­шектердің қазіргі таңда баратын жері, басатын тауы бар. Құ­шақ жайып қар­сы алар анасы, қолындағы бөбегін бауырына басатын төркіні бар.

Ата-ананың үкілі үмітін ақтап тұрмысқа шығып, бө­тен үйдің түтінін түтетуге бет алған соң, жолы нәзік қыз­дың алдағы стратегиясы — барған жердің бағы және сол шаңырақтың үзілерге жаны болуға ұмтылуынан бастау алады. Айтарға жеңіл, әрине, дегенмен салтымыздың сауы­тына сыятын үрдіс осы. Қа­шанда мұсылман қауымында келіннің орны босағада болған. Сол арқылы өзінің жөнін, өзінің орнын білетін келін уақыт өте жүректердің төрінен орын алған. Келін болып түскеннен тектілігін, одан қалды епті­лігін көрсетуге тырысатын болса, қыздың ұтылар жері жоқ. Ал бүгінгі таңда көңілі күпті, күн­шілдік пен қанағатсыздық бойын билеген келіндер мен жа­тыпішер, жалқаулық пен на­мыссыздыққа бой алдырған күйеулер көбейді. Шөптің басын қимылдатып, ақша таппайтын жалқау ерлердің бір­қатарын өз маңайымыздан кө­ріп те жүрміз. Тап солай, беттен алып төске ша­батын, енесімен ерегісіп, қайын­жұртпен керіл­десіп отыратын келіндер де жоқ емес. Ерінің тап­қан аз-маз қар­жысын қанағат тұт­пай, аспандағы айдың сыңарын сұ­райтын нәзікжандылар да жетерлік.

Десек те әр мәселенің екін­ші ұшы барын ескермеуге болмайды. Бұл ретте жаңадан ша­ңырақ құрып, араға тағы бір кіші мемлекет қосылған соң, сол мем­лекеттің құламауына, ыдырап қирамауына үлкендер жағы, тәжірибелі жандар септесуі керек-ақ. Осы мә­селеде келінге күн бермейтін ене­лердің де дені артып келетінін ескерген маңызды. Біреудің аялы алақанында өсірген қызын үйіне келін етіп түсірген соң, оның осы шаңыраққа кірі­гіп, өзгелермен бірігіп кетуі үшін аянбай жағдай жасайтын ардақты енелер болса, шаңырақтың құламауы бек мүмкін ғой. Келінге бөтен еке­нін ұғындырып, босағадағы орнын беталды нұсқай беретін, баласын келінге қарсы айдап салып отыратын енелер от­ба­сының қас жауы деуге болады.

Мемлекетке жарық сәуле мен жылу беретін күш — отбасы, ал отбасының оты — ондағы бірлік, ынтымақ және өзара сыйластықтың арқасында мәңгі алаулап жанбақ. Бір, екі және ондаған отбасының құрылымы бір Отанды қалыптастырады. Сондықтан да оның отын сөндірмеуге тырысатын әр азамат елі үшін қызмет етеді десек, артық айтқандық болмас. Жан дүние жарасым тауып, түсіністік тұғыры биік болса, бәрі де жөн болушы еді. Ендеше, мемлекет мерейін айшық­тай­тын отбасылардың артуына әрқайсымыз да жауапты еке­німізді ұмытпайық!

Айдос Сұлтанов

 

1 090 қаралым