Жарияланды: 15.10.2018

Жиында жастарға психологиялық жәрдем көрсетілді

Созақ ауданында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында ілкімді  шара ұйымдастырылды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен Сызған ауыл округі жастар арасында өткен жиында көпті көкейінде жүрген келелі мәселелер әңгіме арқауына айналды. «Жастар жадына –ғаламтор жау» тақырыбында өрбіген басқосуға Түркістан облысы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог мамандары белсенділік танытты. Дәл осы тақырып аясындағы алқалы кездесу аудандардағы мектепте жалғасты. Мақсат — жастарға психологиялық қолдау көрсету, қоғамға пайдалы, саналы азамат ретінде сезінуіне жол ашу. Сонымен қатар, мектеп оқушыларына ғаламторды дұрыс пайдалана білуді, үйрету. Әлеуметтік желіде отырып, уақытын босқа жұмсамауға үндеу.

Бүгінде компьютер қаланы қойып шалғайдағы ауыл-ауылға жетті. Ғылым мен техниканың дамыған өрлеу дәуірінде бұған қуану керек. Дегенмен де, медальдің екі беті болатыны сияқты оның да екі гәбі бар. Мәселен, жеткіншектер өз беттерінше ойлау мүмкіндіктерінен айырылып бара жатыр. Басқаша айтқанда, барлығын «ақылды құрылғыға» жүктейтін «компьютер бас» ұрпақ қалыптаса бастағаны зиялы қауымды қатты толғандыру үстінде.

1 103 қаралым