Жарияланды: 16.10.2018

Жас отбасылар жарысқа түсті

Жас ана бала туылмай тұрып нәресте бағудың жолын білуі керек. Әке түздің адамы емес. Балаға анасы жоқта ең болмаса тамақ беруге қабілеті болуы шарт.  Бұл Түркістан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ұйымдастырған жас отбасы байқауының басты міндеттері. Отбасында ынтымақ пен береке болуы үшін осындай дағдыларды үйренген дұрыс. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы жаңадан отау құрған жанұялар арасындай сайыс ұйымдастырды.

Әншілік қабілет, ең болмаса бесік жырын айтуға жету керек. Бұл баланың санасын жетілдіруге септігін тигізеді. Байқауға келгендер өнерін ортаға салып өздерін таныстырды. Аналар жарысында нәзік жандылар бала күтімінен ептілік танытты. Ал, әкелер сайысында жігіттер бүлдіршіндерді тамақтандырып, ойнатып, жеке гигиенасын сақтау туралы тапсырмаларды орындады. Мұндай отбасылық жарыстардың жастарға берері мол, -дейді ұйымдастырушылар.

Қадірбек Рахматуллаевтың отау құрғанына екі ай болған. Екеуі де Түркістандағы жоғары оқу орындарының студенттері. Жас жұбайлар өздеріне қарағанда әлдеқайда тәжірибелі жанұя өкілдерімен бақ сынасуға бел буыпты. Осы мақсатта арнайы ән жаздырып, отбасы жайында  бейне роликтер дайындаған. Рахматуллаевтар жанұясының басты ұстанымы екеуара бірлік пен ынтымақ.

Байқауға келген талапкерлер денсаулық күтімі, бала тәнін  физикалық дамыту жайлы арнайы жаттығулар көрсетті. Сонымен қатар әр түрлі жастағы бала күтіміне қатысты сұрақтарға жауап берді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары басты мақсат бақ таластыру емес, жас отбасыларды жұбайлық өмірге бейімдей екендігін тілге тиек етті.

1 047 қаралым