Жарияланды: 16.10.2018

Еліміздегі әйел теңдігі мемлекет заңдарымен бекітілген

Әйел — отбасының ұйытқысы деп бекер айтылмаған. Өйткені оның отбасына қамқорлығы, өз жанұясындағы әрбір жанның жайлылығын жасауы көзге көрінбейтін әрекеттер болғанымен, отбасы үшін аса маңызды. Отбасындағы әйел адамның орны қаншалықты маңызды болса, қоғамда да соншалықты маңызды. Осы орайда демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті нығайтуда Қазақстан әйелдерінің рөлі ерекше. Қазақстанда демографиялық өсімді қамтамасыз етуде әйелдердің үлесіне баға жетпейді, себебі, балалардың туылуы, олардың тәрбиесі нәзік әйелдердің мойнында. Сонымен қатар олар өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді, мемлекеттік басқару жүйесінің көп бөлігі солардың еншісінде. 

2000 жылы БҰҰ мыңжылдық декларациясын қабылданды. Аталған құжаттың басты мақсаттардың бірі — гендерлік теңдікті қолдау. Ал 2003 жылы «Қазақстан Республикасындағы гендерлiк саясат тұжырымдамасы» қабылданған болатын. Тұжырымдама Қазақстандағы гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттарын, басымдықтары мен мiндеттерiн белгiлейдi. Ал «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы қабылдады. 

Гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті. Съезде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгендігін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы әйелдердің өмірлік маңызды салаларда жұмыс істейтіндіктеріне назар аударды. Статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда барлық педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы әйелдер. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдарында ондаған әйелдер министр және мемлекеттік органдардың басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйелдер Парламент пен мәслихат депутаттары болып сайланды. Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік басқару органдар арасындағы әйелдер өкілеттілігін 30 пайызға дейін көтеру міндеті қойылған. 2010 жылы ол көрсеткіш 10 пайыз көлемінде ғана болған. Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы-мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Президенті жанындығы Отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді.Ұлттық гендерлік саясат – еліміздегі демократиялық үдерістің ең маңызды құрамдас бөлігі. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап гендерлік теңдік мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған саясаттың бір басымдығы болып келеді.Мемлекет басшысының 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді. Стратегия мемлекеттің гендерлік саясатын жүзеге асыруға бағытталған негізгі құжат, ол мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан мониторинг жүргізуді жүзеге асырудың құралы және демократия құрудың маңызды факторы болып табылады. Стратегия билік құрылымдарындағы әйелдер мен ерлерді теңдестіруді қарастырады. Оларға экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бойынша өсу, білім беру саласына гендерлік білімді енгізу, өмір сапасын арттыру және тұрғындардың ұдайы өсімін қамтамасыз ету үшін жасөспірімдер мен әйелдердің, ерлердің репродуктивтік денсаулығын нығайту мен сақтау, жынысына қарай зорлық-зомбылық көрсетпей, отбасындағы міндеттер мен құқықтарды тең дәрежеде жүзеге асыру үшін жағдай жасау жатады.

Стратегияны жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы қазақстандық заңнаманың гендерлік бағытын күшейтетін 2 заң қабылданды. 2009 жылы 4 желтоқсанда “Тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” Заң қабылданды, ол адамдар мен азаматтардың отбасылық-тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Қабылданған Заң әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу жолында шынайы құқықтық жағдай жасады.

2009 жылы 8 желтоқсанда ел Президенті “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы” Заңға қол қойды. Заң мемлекеттік органдар басшыларына ерлер мен әйелдердің тәжірибелеріне, қабілеттеріне және кәсіптік даярлықтарына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігінің қамтамасыз етілуін, олардың жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ мемлекеттік биліктің заңнамалық, атқарушылық және сот тармақтарында тең серіктестік қатынастарының сақталуын міндеттейді.

Бұл заңның жетістіктерінің бірі – ерлер мен әйелдерге жынысына қарамай өмірдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени салаларына қатысуларына тең құқық пен тең мүмкіндік бере отырып, шынайы қолжетімділікті қамтамасыз ететін құқықтық мәртебе ретінде “гендерлік теңдік” ұғымын заңнамалық тұрғыда бекітуі.

Гендерлік тең құқықтық саласындағы мемлекеттік саясат, әйелдердің экономикалық және саяси өмірге қатысуларының кеңеюі, әлемдік қоғамдастықта жоғары бағаға ие болды. Қазақстан гендерлік тең құқықтық бойынша 2016 жылғы дүниежүзілік рейтингінде 144 елдің арасында 51-ші орыннан көрініп отыр.

Қазақстанның БҰҰ-ның әйелдер мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдік жөніндегі атқарушы кеңесіне сайлануы қазақстандық гендерлік саясат табыстылығының халықаралық мойындалуы болды.

Жалпы гендер — ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық салаларында көрініс табатын әлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді. Мемлекет басшысы бекіткен гендерлік теңдік стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталып шығарылған заң. Қазіргі кезеңде азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға және өмірдің барлық саласында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсенді түрде, кең көлемде жұмыстар жүріп жатыр. Біздің елемізде бұл мақсаттағы жұмыс көңілге қуаныш ұялатады. Президент Н. Назарбаевтың өзінің халыққа арнаған Жолдауында «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. «Отбасы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы, қысымды болдырмауға ықпал етеді. Айта кету керек, әйелдер қай салада қызымет етпесін, өз беделдерімен қатар, сол сала жауапкершілігін де арттырып, жұртшылық құрметіне бөленуде. Әрбір жұмыстың қиыншылығы мен қызықшылығы, жетістігі мен жемісі болады. Жақсы іс әріден бастау алады. Әйелдерді саясатқа, үкіметтік билік органдарына, экономикаға, бизнеске қатыстыру, ана мен бала денсаулығын қорғау, сонымен қатар отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру. Әйелдер қолы тимеген сала жоқ десек артық айтқандық емес. Мемлекет қайраткері, батыр, ел басқарушысы болған көрнекті әйел тұлғалардың есімдері белгілі. Қазір қоғам болып ұстаз қауымының мәртебесін көтеруге күш салуда. Білім заңына да «ұстаз мәртебесі» деген арнайы бап енгізілді. Ұстаз адамның адам болып қалыптасуына ықпал жасайтын бірден бір маман. Осы орайда ұстаз еңбегінің бағалануы өте дұрыс, бұл ұстаздар үшін зор құрмет. Ұстаз бақыты шәкіртіңмен бірге қуана білу. Біз үшін басты марапат–ата-ана мен оқушының алғысы. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демей ме? Бүгінгі күні әйелдер қоғамымыздың барлық салаларында да, белсенділік танытуда. Олар қандай қызымет атқарса да, аналық құқығын гүлдендіре отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, болашаққа деген сенімнің зор ұйытқысы болуда.

1 086 қаралым