Жарияланды: 16.10.2018

Әйелдер отбасының тірегі

«Әйелдер – отбасы тірегі, яғни – мемлекет тірегі. Біздің еліміздің болашағы біздің бүгінгі баланы тәрбиелеуімізге тікелей байланысты» деп Елбасымыз айтқандай, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналармыз қоғамды елестету мүмкін емес. Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

Елбасы 2013 жылдың 1 наурызында «Отбасы күнiн» тағайындау және оны қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде атап өту жөнiнде Жарлыққа қол қойған болатын. Осы Жарлық бойынша елімізде отбасы күнi екінші жылы аталып өтілуде.

Отбасы барлық кезде адами құндылықтар, ұрпақтардың мәдени және тарихи мұрасы сақталатын асыл ұя, қоғамның іргетасы саналып келеді. Елбасымыздың «Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзінің астарына үңілсек, тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, онда адамгершілік пен ізгіліктің негізі қаланатындығын сезінуге болады.

Жанұядан адамның өмірі басталады, осында ол азамат ретінде қалыптасады. Ендеше отбасы – бүкіл қоғамның арқауы ретінде келісім мен тұрақтылықтың нығаюына ықпал ететіндігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Отбасы күніне орай аудан көлемінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып өткерілуде. «Отбасы күнi» мерекесiнде жастарға үлгi болар отбасыларын дәрiптеп, жас отбасылар мен жарасымды ғұмыр кешiп, балалы-шағалы, немерелi-шөберелi болып отырған бақытты отбасылармен кездесу, дөңгелек үстел, байқаулар өткерілуде. Аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мұрындық болуымен жыл сайын жас және көп балалы аналарға, ғасыр жасаған ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсету үрдіске енген. Осылайша отбасының құндылықтары дәріптелуде.

Сондықтан да қай уақытта болмасын отбасының құрылымына зор мән беріліп, оның іргетасының берік болуына атсалысу – әр отбасы мүшесінің міндеті. Әсіресе ата-ана мен балалардың арасындағы қарым-қатынас ғана емес отбасындағы бақ-берекеге байланысты қарым-қатынастар белгілейді. Ең бастысы жанұяда әкенің биік орны, ананың кемеңгерлігі айрықша рөл атқарады. Бұл жерде отбасының тірегі-ер-азаматтың, әкенің рөлі ерекше маңызды. Ал отбасының ажары -әйел ең алдымен аналық жүрек жылуымен жаратылысқа жан береді, ошағының ұйытқысы-шаңырағының панасы. 

 

1 313 қаралым