Жарияланды: 16.10.2018

Отыз баланы бауырына басқан ана

Әдетте кез келген адам ана туралы тақырып қозғаларда іштей толғанып, көп ойланатыны рас. Себебі ана туралы сөз қозғау оңай емес. Бұл әрбір адамның жүрек түкпірінен ойып тұрып орын алатын аяулы ана жайлы бір ауыз сөз жазудың өзі үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігінен болса керек. Ол жауапкершілік тұрғысында іштей «ана туралы ойымды дұрыс жеткізе алдым ба, осы жүрегімнен шыққан сөздер ананың теңеуіне лайық па, ана жайлы жазу үшін бұдан да сұлу, бұдан да жұмыр, бұдан да әдемі сөздер керек еді ғой», деп өз-өзіне сұрақ қойып, ғазиз жанға деген сүйіспеншілікті тауыса алмай, оның құдіретіне ешқандай теңеу шақ келмейтіндігін мойындайсың. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Рысқыз Елшібаева да сондай ана деген асыл жаратылысқа әбден лайық жан десек қателеспейміз.

         Бәрі түсінікті болуы үшін, алдымен кейіпкеріміздің өмір жолына қысқаша тоқталып өткен жөн болар. Рысқыз Елшібаева 1952 жылы Түлкібас ауданы, Сарытөр ауылында өмір есігін ашқан. Қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленген ол Т.Рысқұлов ауылындағы Абай атындағы қазақ мектебін жақсы бағаға аяқтап, алғашқы еңбек жолын комсомол бригадасында шопан болудан бастайды. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1977 жылы бітіріп шағады. Содан 1983 жылға дейін Түлкібас ауданы, Жамбыл ұжымшарындағы М.Әуезов атындағы мектепте оқытушы, комсомол жастарының өндірістік бригаданың жетекшісі, еңбек, туризм, спорт жұмысшыларының ұйымдастырушысы болып жемісті еңбек етеді. Кейіннен өзінің туған ауылы Сарытөрдегі бастауыш мектепте аға тәрбиеші болып тер төкті. Әу бастан отбасындағы тағылымды тәрбиемен қатар сіңген бойындағы тектілік нәрі оған қашанда түзу жолға бағыт сілтейтін бағдаршам іспетті десек, оның аудандық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы болуы да кездейсоқ еместігіне көз жеткізгендей боламыз.

         Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықты Рысқыз Елшібаева елмен бірге көріп жүріп, елеулі тірлік жасай білді. Ол сол аласапыран шақта қараусыз қалған балалар мен жасөспірімдерді жинап, бауырына басыпты. Аналық жүрегінің кеңдігінен болар, отыздан аса балаларды қол астына алып, мейірімге бөлеген оның ерлікпен пара-пар ізгілікті ісі екенін ешкім жоққа шығара алмас.

Азаттыққа қол жетіп, ел еңсесін тіктегенге дейінгі кезең кім-кімге де оңай бола қойған жоқ. Әлеуметтік қиындықтардың салдарынан қанша отбасылар ойрандалып, шаңырақтар ортаға түсті. Тастанды балалар да көбейе бастаған кез. Бұрыш-бұрыштарды, үйлердің жертөлелерін мекендеген сондай балаларға жүрегім ауырып, жаным сыздайтын. Оларға қалай жақсылық жасай аламын деп өзімді-өзім сұрақтың астына алып, мүжитінмін. Содан не керек, панасыз қалған балаларды жинап, бауырыма басуды жөн көрдім. Тастанды, қараусыз қалғаннан соң кейбір жоқшылықтың салдарынан дұрыс емес жолға түсіп, шылымға, ішімдікке әуестеніп, ұрлыққа бара бастағандары да болды. Өрімдей жасөспірімдердің бұлай жүре берсе бұзылатынын ойлап, оларды қолға алуға білек түре кірістім, – дейді Р.Елшібаева.

…Иә, өз балаларымен қатар мейірімге мұқтаж жасөспірімдерді бір шаңырақ астына топтастырып, оларды ас-ауқатпен, киім-кешекпен, қамтамасыз ету,  бөліп-жармай бәрінің  қас-қабағын бағып, ұйыстыра білу де кез келгеннің қолынан келетін оңай шаруа емес. Рысқыз ана бұл сауапты іске ортақтасып, қол ұшын созғандар да болғанын жасырмайды. Оның игілікті ісі тұрғындар тарапынан жақсы бағаланып, жергілікті халықтың алғысына бөленеді. Кейіннен аудандық маслихаттың депутаттығына сайлауға түскенде де көпшілік оған зор сенім артып, халық қалаулысы атанады. Ана мен бала комиссиясының құрамында жүргенде де көптеген қоғамдық мәселелелерде, ана мен балаға қатысты өзекті жайттардың басы-қасынан табылып, талмай еңбектенеді. Осы жылдары ол «Ертөстік» балалар үйін ашып, басшылық жұмысын жан-жүрегімен сезіне жүргізіп, барлық тәрбиеленушілердің анасындай болып кетеді. Рысқыз ананың бұл еңбегі республикалық қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің тарапынан да жақсы бағасын алады.

Әйтсе де өмір бұралаң жолға толы ғой. Адалдықтың алдынан қашанда кес-кестейтін кедергілер кездеспей қалушы ма еді?! Рысқыз ана сондай әділетсіздіктерге тап болып, кей пасық ойлылардың кесірінен көп жапа шегеді. Өз бауыр етіндей көрген балаларының қайғысына кінәлі етіп, сотқа дейін тартады. «Аққа — Алла жақ» демекші, ол түбі бір арайлы таңның атарына кәміл сенеді. Иә, кештеу болса да, ол ақ таң атты. Ананың ақ екені баршаға аян болды. Жастайынан қайсар, намысшыл болып қалыптасқан Рысқыз ана қиындықтарға мойыған жоқ. Айта кету керек, нәзік жандының намысшылдығы сол, ерте жастан бір себептермен оң қолындағы төрт саусағынан бірдей айырылса да, беріге дейін мүгедектікке берілетін көмектерден бас тартып, маңдай терімен келген несібесін қанағат етіп келіпті.

Иә, даладай дархан кең жүректілік осындай аналарға ғана тән шығар. Бүгінде жетпіске таяған ақжаулықты ана әлі күнге тыным тауып көрген емес. Біраз уақыт бұрын сырқатқа шалдығып, бірнеше жыл төсек тартып жатып қалғанымен, көптің тілегімен аяққа тұрған. Қазіргі таңда бір кездері өзі тәрбиелеп өсірген перзенттерінің бірқатары өсіп-жетіліп, әр өңірде түрлі салада қызмет етіп жүрсе, енді бірі үлкен өмірге қадам басуда. Рысқыз ана бәрімен дерлік хат-хабар алысып, байланысын үзген емес. Олар да анасындай болған жанды іздеп, сағынып, қауышуға асығып, мүмкіндіктерінше бір-бірінен көмектерін аямайтын көрінеді.

 

 

1 067 қаралым