Жарияланды: 16.10.2018

Енді шардаралық аналар баласын алып облыс орталығына сандалмайды

Шардара аудандық ауруханасы елімізде теңдесі жоқ жаңа жүйемен жұмыс істеуде.  Бүгінде аталған аурухананың негізгі ғимаратына қосымша (3H) «Триаж» жүйесіне арнайы бағытталған ғимарат салынып,  заманауи техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Аурухананың бас дәрігері Жанар Оспанованың айтуынша, жөндеу-жаңару жұмыстары ауруханасының жеке қорынан  және демеушілер есебінен қаржыланыпты.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығы бойынша көрсетілетін медициналық көмекті ұйымдастыру мақсатында аудандық аурухананың негізгі ғимаратына қосымша (3H) «Триаж» жүйесіне арнайы бағытталған ғимарат салынып, жаңа жүйе іске қосылды. Бөлімше құрылымы толығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес жасалған. Аталған құрылыс (триаж ғимараты) бұрын-соңды республикада болмаған жоба ретінде қарастырылып отыр.

– Халқымыз «бірінші байлық — денсаулық» деп тегін айтпаған ғой. Бүгінде ауданымызда тұрғындардың, әсіресе ана мен баланың денсаулығына жіті көңіл бөлінуде. Шардара ауданындағы денсаулық сақтау саласында бұрын-соңды болмаған елеулі өзгерістер бар. Қазіргі таңда аудандық аурухана барлық құрылымдық бөлімшелерімен аудандағы 79 000 халыққа қызмет көрсетеді. Түркістан облысы әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен ауданның медицина саласында маңызды өзгерістер аз емес. Атап айтар болсақ, биыл қалалық емханаға қосымша құрылыс есебінде бір ауысымда 150 келушіге арналған, жалпы құны 1 млрд 600 млн  тг құрайтын ғимараттың құрылысы басталды. Ол 2019 жылдың соңына пайдалануға беріледі деп күтілуде, – дейді бас дәрігер. Сонымен қатар, аудан және ауыл орталықтарынан шалғайда орналасқан елдімекендерге қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жалпы құны 390 млн тг құрайтын 13 модульдік медициналық тіректерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. Небәрі екі айдың ішінде бой көтеретін заманауи талаптарға сай дайын медициналық бекеттер, неміс технологиясымен жасалған. Жаңа дәрігерлік бекеттер  әсіресе жырақта орналасқан ауыл халқының жылдар бойғы мәселесін шешіп берді.

Қызылқұм, Шардара, Жаушықұм, Ұзын ата елдімекендерде орналасқан дәрігерлік-амбулаторияларда жалпы құны 87 900 989 тг құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 2018-2019 жылдарға 171 115,716 тг құрайтын күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Оған сәйкес, әйелдер кеңесі, емхана, төменгі тоғай, Қоссейіт емдеу мекемелері толық жаңармақ.

999 қаралым