Түркістан облысында қуыршақ театры қайырымды іске мұрындық болды. Қалалық халыққа әлеуметтік көмек көрсету орталығының өтініші негізінде елуге тарта мүмкіндігі шектеулі балаға тегін театрландырылған қойылым ұсынды. Халықаралық мүмкіндігі шектеулі балғындарды қорғау күніне орайластырылған шараға жергілікті жердегі білім ұяларының директорлары мен жеткіншектердің ата-аналары, қоғам белсенділері қатысты. Жиында жаңа емдеу-профилактикалық әдістер негізінде аяқтан тік тұрған балғындардың өмірі өзгелерге үлгі ретінде көрсетілді. Сондай-ақ, ілкі буынның демеушілігімен жеткіншектерге тәттілер тарту етілді. Бір күндік көңілдерін көтеру арқылы олардың өмірге деген құлшыныстарын арттырды. Айтып өтейік, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өмірімен етене араласып, емін-еркін жүріп-тұруына қолайлы орта жасау мақсатында қолға алынған жобалар ауқымды. Бұл іске облыстық аналар кеңесінің үлесі ерек. Балалар аталған іс-шара барысында шын көңілден қуанып, шаттана білді және өз кезегінде риясыз ырзалықтарын шын жүректерімен білдірді. Мұндай кездесу жыл сайын жалғасын табатыны белгілі.
Жарияланды: 17.10.2018