Жарияланды: 17.10.2018

«Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторы қыз балалармен кездесу өткізді

Халықаралық қыздар күніне арналған он күндік іс-шара жоспарына сәйкес Қазығұрт ауданында  «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторының ұйымдастыруымен, Қызылқия, Шарапхана ауыл округтерінде кездесулер ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты — жасөсіпірім қыздарға тәлім-тәрбиелік маңызы бар ақпараттармен бөлісу, тиісті бағыт-бағдар бере отырып, олармен пікірлесу. Сондай-ақ, қазақ қызының бойын жат әдеттерден аулақ ұстауына сеп болу. 

Мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жылына 200 мыңдай жасанды түсік жасалып, 1643 бала ата-ана қамқорынсыз қалады екен. Ал тағы да тарих беттерін парақтасақ, халқымызда, «жетім, жесір» деген ұғымдар айтылмаған.Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Сондықтан да жалпы берілетін тәрбиенің ішінен қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын бөліп алғандағы негізгі мақсат: адамгершілігі мол, әдепті, инабатты, сыпайы қыздарымызды тәрбиелеп шығару. Бұл бағыттағы жұмыстардың көпшілігі ата аналармен қоян-қолтық араласуды тікелей қажет етеді. Ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегенділік танытады. Жаңа ғасыр, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеп немесе ғаламтор арқылы керексіз дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ. Заман ағымынан қалмай, орынды киініп, орынсыз нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтау қажет. Өзінің ана тілін қадірлемейтін қыздардан жақсы ана шығады деп айта алмаймын. Тілін қадірлемеген адам, ол ұлттың салтынан да, дәстүрінен де хабарсыз болары айқын. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайық болуы қажет. Бойжеткендеріміз осыны ұмытпаса екен. Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. 

1 107 қаралым