Жарияланды: 17.10.2018

Асыл әжелеріміз Алматыдан жүлделі оралды

Көктемде Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет республикалық «Өнерлі елдің өресі биік» атты ата-апалар байқауы ұйымдастырылған болатын. Бұл байқаудың ерекшелігі – кейінгі жас буынға, қазіргі жастарымызға үлкен өнеге бола білген еді. Іс-шараның бас ұйымдастырушысы Қазақ радиосы­ның журналисі Гүлмира Нәлібай мен «Мереке» продюсерлік орталығы. Міне, осындай игі бастама көпшілік қауым ортасында қолдау тапса керек, ұйымдастырушылар екінші мәрте өткізуді қолға алды. Сөйтіп өткен аптаның қазаншуақ күндерінде түлкібастық бір топ әжелеріміз Алматыға қарай дәл осы байқауға бақ сынау үшін жолға шықты. Әрине, біздің ауданның әжелері осал емес. Жылда аудан-облыс көлемінде мерекелік іс-шараларда бой көрсетіп, әбден сахнаға төселген, қазақы салт-дәстүрді де, қолөнерді де, шешен сөйлей білуді де, керек десеңіз қазақы нақышта ән айтып, биді де билеп жүрген белсенді апаларымыздың бұл байқауда озық көрінетініне сенімді де болдық.

Байқаудың бас-қасында жүріп ұйытқы болған Гүлмира Нәлібай: — Бұл байқаудың  мақса­ты — 50 мен 90 жас аралығындағы, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ата-апаларымызға рухани қолдау көрсетіп, бойындағы өнерін жас күніндегідей қайта бір шыңдауына мүмкіндік сыйлау, ұмыт болған әндер мен күйлерді қайта жан­дандыру; ел арасында жүрген он саусағы­нан өнері тамған шеберлерімізді насихат­тау, ұлттық өнердің жаңғыруына жол ашу; үлкендеріміздің немере-шөберелеріне  арнап ән айтуы мен бата беруін көпке дәріптеу; жоғалып бара жатқан қазақы тәрбиені сақтап қалуға атсалысу, — дейді.

Осындай ғұрыпқа бағытталған байқауға еліміздің көптеген облыстарының аудан, ауылдарынан, Алматы қаласынан келген өнерлі ата-әжелер болды. Олар «Ән салу», «Хормен ән салу»,  «Дәстүрлі ән», «Мәнерлеп өлең оқу», «Ақындық өнер», «Аспапта ойнау», «Қолөнер»,  «Бата беру», «Суретшілік өнер» сынды әр жанрда өнерлерін ортаға салды. Үміткерлердің ең жасы елуде болса, ең кейуанасы 85-тегі әже болды.

Алматыдағы өнер сайысына апаларымызды аудандық әжелер алқасының төрайымы Гүлбүбі Ешенқұлова бастап апарды және аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы әжелеріміздің жол-шығындарын көтеруге атсалысқанын айта кетейік. «Ауылыңда қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтылмаған ғой, алтын көмбе секілді, аузы дуалы, сөзі уәжді ата-апаларымыздың тереңнен сүзіп айтқан әр сөзін жазып, көнеден ақтарған шежіресін ойға түйіп қалмасақ, азаматтығымызға сын емес пе?

Сонымен байқауда «Ақбақай» әнімен түлкібастық әже Күміскүл Тұрсынбекова бас жүлдені иемденді.   Жүздерін әжім торлаған, бірақ жанарларынан мейірім нұры сөнбеген осындай қабырғалы қарияларымыз қандай құрметке де лайықты.

 

1 135 қаралым