Оңтүстік Қазақстан облысында индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселесі қолға алынған болатын. Осы ынтымақтастық аясында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Түркия Республикасының индустриалды аймақтары арасында тәжірибе алмасу мақсатында бірлескен жобалар қолға алынбақ. Бұл тарапта түркиялықтардың мол тәжірибесі бар екені аян. Екі тарап бұдан кейін тығыз байланыста жұмыс істеп, бірлескен жобалар аясында ынтымақтастық орнатпақ. Жұмыстардың шұғыл және нәтижелі болуы үшін «Оңтүстік» индустриалды аймағының ғимаратынан Түркия Республикасының «Ostim» индустиралды аймағының өкілдігі ашылды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. Мұндай шешімге өңірімізде жыл басында өтіп жатқан «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы» аясында қос мемлекеттің салалық жетекшілерінің арасында болған өзара кездесулерде түзілген меморандум аясында қол жеткізілген болатын. Бұл дегені – «Оңтүстік» индустриалды аймағының жетекшілігі бұдан кейінгі жұмыстарын жүйелеп, жетілдіруде Түркияның даму тәжірибесін пайдаланатын болады. Өйткені, Анкарадағы 5200 кәсіпорынның басын біріктірген «Ostim» индустриалды аймағы 50 жылдан бері дамудың үздік тәжірибесін көрсетіп келеді. Бұл жұмыстардың қос мемлекет кәсіпкерлері үшін де тиімді болары анық. «Оңтүстік» индустриалды аймағының да өкілдігі, яғни, бас кеңсесі Түркияның астанасынан ашылмақ. Ал «Оңтүстік» индустриалды аймақтары басқарушы компаниясының өкілдері бірлескен ынтымақтастық жұмыстарының арқасында ортақ брендпен, не болмаса, жеке дара өнім шығарылып, нарыққа шығарылатындығын айтты. Өңірімізде шағын және орта бизнесті дамыту мен өңірімізге көптеп инвестиция тарту мақсатында ашылған 11 индустриалды аймақ жұмыс істейді.
Жарияланды: 16.06.2018