Жарияланды: 26.10.2018

Жарымжан көңілді жылытқан жандар

Қоғамда әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың қасынан табылып, оларға барынша психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп жүрген маман иелері бар. Олар әлеуметтік қызметкер. Соңғы жылдары елімізде әлеуметтік қызметкерлер саны артқан. Тіпті, арнайы 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын беретін бөлімдер ашылды. Қазіргі қоғамда денсаулығында ақауы бар, мүмкіндігі шектеулі жастарға үрке қарайтын адамдар әлі де кездеседі. Бұл әрекет оларды қоғамнан алшақтатып, санасына зиянын тигізбей қоймайды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балалардың, жалғызілікті қарттардың қоғамда бейімделуіне және мейірімділік, ізгілік, жанашырлық, қуаныш сыйлау мақсатында аудандық «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы»  жұмыс істеп келеді. Мереке қарсаңында біз барша әлеуметтік қызметкерлерді құттықтай отырып, осы мекеменің тізгінін ұстаған басшысы Майра Түкербаевамен сұхбат жүргіздік.   

   -Майра Сәбитқызы, орталықтың негізгі жұмыстарымен таныстырып өтсеңіз. Мүмкіндігі шектеулі балаларға қандай әлеуметтік көмектер жүргізіледі?

— Аудандық «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы»  мемлекеттік мекемесі  2009 жылы  құрылып, қазіргі  таңда   18 жасқа дейінгі 151 мүмкіндігі шектеулі  мүгедек  балаға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар 76 мүгедек  азаматтарға  және 107 жалғызілікті  қартқа үйде  арнаулы  әлеуметтік  кызмет  көрсетіп отыр. 2003 жылдан бастап аудан бюджетінен үйде  оқып  тәрбиеленіп отырған  мүгедек  балаларға  материалдық  көмек  төленеді.  2018 жылға 6 250,0 мың теңге бөлініп,  жыл басынан 156 балаға  4 720  мың  теңге  материалдық  көмек  тағайындалып төленді.

-Білуімізше, көңілі жарымжан балаларға материалдық-тұрмыстық жәрдем етіп ғана қоймай, көптеген мәдени іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүргендеріңізді көріп жүрміз. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балалардың бойындағы өнері мен қабілетін шыңдап, сахнаға алып шыға білдіңіздер.

— Иә, барлық ауыл округтерінде мүмкіндігі шектеулі балалардың концертін қойдық. Халық риза болып жатыр. Оларды өз өнерлерін жетілдіру арқылы көпшілік ортаға бейімдеп, көңілдерін серпілтіп, психологиялық тұрғыдан оңалту жағына қарай бұрдық деп ойлаймыз. Біздің  бөлімшеміздің  жұмысының  үлкен  жетістігі  деп  «1 Маусым –балаларды  қорғау  күні»  мерекесін  балалармен өткізу дәстүрін айтуға  болады. Мүмкіндігінше әлеуметтік қызметкерлердің күтімінде отырған мүгедек  балалар ата-аналарымен бірге мерекелік дастарханға шақыртылып, концерттік бағдарлама тамашалап, сыйлықтарын  алып көнілдерін көтеріп қайтады. Мерекелік  іс-шараны  өткізуге аудан бюджетінен 2018 жылы 500,0 мың теңге қаржы  бөлініп игерілді. Айта кететін жағдай  төсек тартып жатқан  мүгедек балаларымыз да ескерусіз қалмайды. Мүмкіндігінше барлық төсек тартып жатқан балаларымыздын үйлеріне барып сый сыяпат көрсетіледі. 18-жасқа дейінгі мүгедек балаларымыздың қатысуымен Елбасымыздың тапсырмасы негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жан жылуы» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, қазан айында Келтемашат, Түлкібас округтерінде аталып өтті. Осы балаларымызға демеушілік  көмек көрсетіп отырған азаматтарда  аз емес. Оларға айтылатын алғысымыз шексіз.
    Бөлімшенің  2010 жылдан бастап  бөліміздің  жұмысына  жаңа  әдіс еңгізілді. Осы  күнге дейін мүгедек  балалардың  құқықтарын теқ қана ата-анасы қорғап, барлық  іс- әрекетіне жауапты болатын. Мүгедек бала 18 жастан асқаннан кейін әрекетке қабілетсіз деген шешім шығарады. Әрі  қарай  отбасының бір мүшесі  балаға қорғаншы бола алады. Бұл  процедура әлеуметтік қорғау  мекемесі арқылы өтеді. Бүгінгі таңда «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы»  мемлекеттік мекемесінде  соттын шешімімен  әрекетке  қабілетсіз деп танылған  азаматтарға  қорғаншылық  белгілейтін комиссия  жұмыс жасауда.  2018 жылдың  10 айында  29 азаматқа  қорғаншылық куәлігі  тапсырылды.

Жалғызілікті қарттарға сіздер тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отыр?

            -Жалғызілікті қарттарымызға да ерекше  көңіл  бөлінеді. Әлеуметтік қызметкерлердің көрсетіп отырған  қызметіне  қосымша ауданымыздың  мектептерінде  оқушылар арасында  шефтік  командалар ұйымдастырылып, үнемі  қарттардың   үйлерін, аулаларын тазалау  жұмыстарын  жүргізеді.  2005 жылдан бастап 80 жастан асқан жалғызілікті  қарттарға да  зейнетақыларына қосымша материалдық көмек тағайындалады. Жергілікті бюджеттен   2018 жылға 1 385,0 мың тенге материалдық көмек тағайындалып, 22  жалғызілікті  қартқа 10-айға 1 034 мың  төленді. Облыстық  қарттар мен мүгедектер үйіне 6-жалғызілікті  қарт  орналастырылды.

2013 жылдың  қаңтар айынан  бастап  ауданымызда  мүгедектерге арналған «Әлеуметтік такси» әдісі  жұмысын бастады. Бұл қызмет түрі  мүгедек пен жалғызілікті  қарттардың  қажетті сұраныстарын уақытылы  және  тездетіп бітіріп беруге  арналған. Осы мақсатта аудандық бюджеттен 668,5 мың теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, биылғы жылы бөлімде «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу» бөлімшесі ашылып, жыл басынан бері 40-отбасыға психологиялық көмек көрсетілді.

Әңгімеңізге рахмет!

Құралай АХМЕТ

1 362 қаралым