Жарияланды: 26.10.2018

Әрбір шаңыраққа сәби сыйлаған абзал жан

Адал еңбектің наны әрқашанда тәтті болмақ. Бүгінгі таңда ерен еңбегімен еленіп, ел алғысына бөленіп жүрген жандар арамызда жетерлік. Солардың бірі — ақ халатты абзал жан, мамандығының майталманы Тамарахан Тұрдалиева. 1954 жылы ауданымыздың орталығында дүниеге келген Тамарахан апай көп балалы отбасында тәрбиеленеді. Әкесі Молдабек Тұрдалиев еңбек бөлімінде, анасы Зинат Тұрдалиева Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарды.

Тамарахан Молдабекқызы 1971 жылы Абай мектебін үздік аттестатпен бітіріп шығады. Бала арманымен дәрігер болуды мақсат тұтқан өжет қыз Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсті. Балалар дәрігер мамандығының сол жылдары енді ашыла бастаған неонатология бөлімін тәмамдайды. Жаңа туған нәрестелерді емдеу, оларға өмірлік күш сыйлау нағыз бақыт екенін түсінеді. 1980 жылы туған жерге оралып, Түлкібас аудандық перзентханаға жұмысқа орналасады. Бір жылда 1500-2000 сәбиге қайта өмір сыйлаған Тамарахан талай отбасыға бақыт сыйлады. 1993 жылы сол жерде нәрестелер бөлімінің меңгерушісі болады. 2007 жылдан бастап орталық аурухананың балалар бөліміне неонатология дәрігері болып тағайындалады.

Адал еңбегі мен жемісті жылдарының арқасында дәрігер аудан әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының марапаттауына жиі бөленіп тұрды. Бүгінде Тамара апай Жахангер есімді ұл өсіріп отыр. Анасының жолын қуған баласы дәрігерлік мамандықты алып шықты. Бір қызығы, кезінде Тамара апайдың өзі емдеген нәрестелер бүгінде ауданға белгілі дәрігерлер, әріптестер қатарынан көрініп жүр, олардың қай-қайсы да Тамара ханымның алдынан кесе-көлденең  өткен емес, сол кісінің шәкіртіміз деп санайды. Алдына келген әрбір жанға тек дәрігерлік көзбен қарамай, аналық, құрбылық көзбен қарап, тәніне ғана емес жанына да дауа бола білген ол 2006 жылы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін  «Елеулі еңбегі үшін» медальімен марапатталды. Майлыкент ауылдық округі еңбек бөлімінің ардагері атанды.

2012 жылы Тамара Тұрдалиева ұзақ жылғы еңбегінің арқасында зейнеткерлікке шықты, алайда маманның мықтылы шығар басшылық пен әріптестері жібергісі келмеді. Бүгінде Тамара Тұрдалиева аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келеді.  Айналасындағы жас мамандарға білгенін үйретуден қашқан емес.

Нұрбол НЫШАНБАЙ

1 178 қаралым