Жарияланды: 29.10.2018

Жатақхана тапшылығы болмайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы еліміз­дегі ең өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтуымен жұртшылықтың көңі­лінен шығып отыр. Халықтың әлеуметтік ахуа­лын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралардың баспана, жатақхана сияқты тұрмыстық жағдайды нысанаға алуы тегін емес. Ірі қалаларда жастардың көпшілігі баспанасыз жүргені көпшілігімізді алаңдататын. «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, әркімнің жеке үйі, пәтері болуы оның алаңсыз жұмыс істеуінің, үбірлі-шүбірлі отбасы болуының басты шарты екені белгілі жайт. Сондықтан Елбасы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» және «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жас­тардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамаларын көтерді. Яғни Елбасының «7-20-25» бағдарламасы жұмыс істейтін әрбір адамның несиеге пәтер сатып алып, отбасылық бюджетінің мүм­кіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынды. Яғни Нұрсұлтан Әбішұлы Үндеуде баспана алу үшін несие төлемінің мерзімі 25 жылға, үстемесі 7 пайызға дейін төмендетілетінін айтты. Бұл тұрақты жұмысы бар тұрғындарымыз үшін үлкен жеңілдік екені даусыз. Алдағы уақытта бұл міндетті жүзеге асырудың тетіктері нақтылана түспек.
Өзім білім саласында жұмыс істейтіндіктен жастарға қатысты көптеген мәселелерден хабардармын. Еліміздің көптеген оқу орындарында студенттерге жатақ­ханаларда орын жетпейтіні жасырын емес. Сондықтан Елбасы Үн­деуінде айтылған студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсар­ту мәселесі өте орынды әрі дер кезінде көтеріліп отыр. Үндеуде «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді» деді Президентіміз. Енді осы жатақхана жайының шешімін табуы ауылдан оқу іздеп келген түлектердің пәтер жал­дау­дан құтылып, артық шығынға ұшырамауына, мамандық алуға ұмтылуына да көп көмегін тигізеді деп білеміз. Аталған бастаманың оң шешімін табуы – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырудың бір жолы. Бұл Елбасымыздың жастарға деген әкелік қамқорлығының айқын көрінісі екені анық.

 

1 341 қаралым