Жарияланды: 31.10.2018

Қыз тәрбиесіне керек кеңес

Қыз балаға күлегештік жат қылық. «Күлегештік – қыздың соры» деген бұрынғылар. Сен жайқалып тұрған гүлсің. Гүлді жұлып алып, иіскеуге құмарлар көп. Бірақ, жұпарыңмен тұшынған соң лақтыра салады. Нәрлі топырағынан тамырын кеспей алып, махаббатпен күтетін жанға ғана жұпарыңды арнап, сұлулығыңмен сүйсіндіруге тиістісің.

Сен жақұтсың. Ебін тауып, ұрлауға құлшынатын сұғанақтар көп. Бірақ, олар пайдасына асырып, дүние құрлы көрмейді. Қадіріңді шын ұғатын, жат сұғанақтардан қорғайтын жанға ғана лайық бол!. Дәл осылай деген әжемнің сөзі қаншама жылдар өтсе де құлағымда сол қалпында қалыпты. Ол кезде бала едік. Әрнеге қызығып, ойын көріп, күлеберетінбіз. Сірә, жасымыз бес-алтылар шамасы болар. Балалықпен бірдеңе бүлдірген былай тұрсын, сәл артығырақ күлсек, әжеміз тыйып тастайтын. Ол кезде әже деген ең дәмдісін басқадан тығып, немересіне сақтайтын өте мейірімді, ал қабағы қатуланса қабағымен-ақ ықтыратын заңғарлар еді ғой. Тіпті, туған анамыздан да бетер ең жақын сырласымыз да әжелер болатын. Бірер күнге жол жүріп кетсе, зарыға күтетінбіз. Ерекше мейіріммен еркелете отырып, өлімнен де ұят күшті екенін, ақшадан ар биіктігін бойымызға сіңірген еді. Мүмкін, сондай әжелердің тым сирегенінен шығар, ананың тар құрсағын жарып шыққан нәрестесіне қатыгездік көрсететінді көзбен көретін жағдайға жеттік. Жаңа туған нәрестесін жол бойындағы әжетханаға тастап кеткен жас келіншектің қатыгездігін естіп, шошындық. Көрінген ұяға жұмыртқалап, жөніне ұшып кететін көкек құстан да асқан қатыгездікке адам баласы барды.

1 166 қаралым