Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында ағымдағы жылы жаңа индустриалды аймақ құру жоспарлануда. Жобаға аймақтан қазіргі таңда 97 гектар жер қарастылып отыр, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР индустриалды- инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасының жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Құрылғалы отырған индустриалды аймақтың жалпы құны 1 млрд. 359 млн. теңгені құрайды. Аталған аймақтың іске қосылуы отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндіктер бермек. Өткен жылы өңірде өндірілген жалпы ішкі өнім көлемі 53 млрд. 884 млн. теңгені құраған. Ағымдағы жылы аудан экономикасының ішкі өнім көлемін 61 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда. 2017 жылы ауданның өнеркәсіп орындарында 16 млрд. 152 млн. 400 мың теңгенің өнімі өндірілген. Биыл аталған салада 17 млрд. 600 млн. теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексін 104,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өткен жылдың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 13 млрд. 898 млн. 900 мың теңгені құрап, облыстағы ауданның үлесі 2,9 пайызға жетті. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында ауданда ағымдағы жылы 7 жоба жүзеге аспақ. Кәсіпкерлік саласында жалпы статистикалық мәліметке сәйкес, аудандағы тіркелген субьектілер саны — 4556 болса, оның 90 пайызы бүгінде жұмыс істеп тұр.
Жарияланды: 16.06.2018