Жарияланды: 31.10.2018

Бұрымдылар құқығы мемлекет алдында қорғалады

Әйел – ана, әйел- жар, әйел – қайраткер. Бүгiнгi таңда қазақ аруы аталған үш міндеттің де үдесінен шығып жүргені бүкіл қоғамға аян.  Нәзік жанды деп атағанымызбен, әйелдің бір қолмен бесік, екінші қолмен әлемді тербететіндігін ұмытпаған абзал. Бұл тұрғыда бұрымдылар құқығы мемлекет алдында қорғалады. Елбасы бастамасымен елімізде «Гендерлік саясат» бағдарламасын ұсынылды. Аталған жоба нәтижесінде оттың басында, ошақтың қасында жүрген барша қаркөздердің мүмкіндіктері артты. Ал, әйелдердің қоғамдық өмірге араласып, ел ісіне араласуына бұқара не дейді? Ендеше, арнайы жүргізілген сауалнамаға көз жүгіртіңіздер.

Рая Өмірзаққызы жеке кәсіпкер: Гендерлік саясаттың астарында әйелге деген үлкен құрмет жатыр.Бұл ақылды мемлекеттің шешімі. Мен бұл бағдарламаны қос қолдап қолдаймын.

Дина Үмбетаева, Түркістан облысының тұрғыны: Әйел адамның кейбір мәселелерін ер адам шеше алмайды.Әйел жүрген жерде береке бар. Керек болса, әйел заты еңбектi еркектен он есе артық iстейдi. Өйткенi, әйел қырық шырақты деген.Кез-келген істің көзін тауып, кез-келген тығырықтан шыға алады. Менiңше, әйел жұмыс iстей алмайды дегендер мүлдем қателеседi.

Болат Құттыбаев темір ұстасы: Жалпы, қазақтың өзiнiң даму жолы болғаны белгiлi. Қазақ еш уақытта әйелiн кемсiтпеген. Әйелдi өзiмен тең дәрежеде ұстаған. Өткен тарихқа қарасақ, ел басқарған аналарымыз, әжелерiмiз, қол бастаған қыздарымыз болған. Ер адам қандай мәселе болсын, қабырғасымен кеңескен. Бұл саясат бұлай аталмаса да бұрыннан бар.

1 258 қаралым