Жарияланды: 31.10.2018

Қазақтың батыл, ақылды қыздары ұлтты тәрбиелеген

«Күйеу жаман болса қызыңнан» деуінде үлкен мән бар.Өзінің отбасында керекті тәрбиенің бәрін көріп өскен қыз бала, соған қоса мінезді де қылықты болса, парасатты да пайымды болса екен дейді. Қызын дұрыс тәрбиені алмаған ата-анаға бабаларымыз тағыда «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деген. Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа жиһазға қызықпағандығын жыр- дастандардан білеміз. Қазақ қызды махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп, өмірге риза болған. Ұлттық бойындағы бір жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдеп-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел – ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке – бірлігін, туыстық татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел – ана. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», — деген ұлағатты сөз осыдан туса керек. Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі. Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани – моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты кәде, бүкіл ұлттық бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелетіп, парасаттылыққа баулып еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиелейді. Пәрәнже – сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, жауға шапқан батыр қыздар осы біздің қазақ халқында болған. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта. Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады.

1 670 қаралым