Жарияланды: 09.11.2018

Жастардың шаңырақ құрудағы жауапкершілігін нығайту мақсатында шаралар ұйымдастырды

Жеті қырдан асып, құда болу, жеті атадан ары құдандалы болу бұл елдігіміздің, ұрпақ жалғастығына апарар ежелден келе жатқан жол. 
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бүгін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Ордабасы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе өткізген — «Құда бола қалсаңыз» этнотанымдық іс-шара Арыс жағасындағы «Ауыл» демалыс аймағында өтті. 
Құдалықтың көнеден жеткен жөн-жоралғылары- қамшы ілу, жаушы жіберу, бауыздау құда, қандас құда, «бауырдан табақ жүгірту», төс қағыстыру, ұн жағу, қарғыбау, табақ тарту, құйрық-бауыр асату, құда тінту, құда сілку сияқты кәделер мен жол-жоралғылар қамтылған көрініс құдалықтың мән-мағынасын аша түсті.
Құдаласу – жекжаттық, туыстық қатынастарға бастайтын алғашқы қадам. Ұл ержетті. «Қосқұлақ бала бізде бар, қаса сұлу сізде бар, жекжат болайық» деген ниетте жігіт әкесі бастаған құдалар келіп жөн-жосынын жасап қамшы ілуі , оны қайтаруы- ата-баба салтында екі жақтың разы болуы, береке-бірлікті бұзбауы, жаушы кетерінде қыз ата-анасынан үкі (қарғыбау) тағатын сәтті күнді белгілеуі, оған қыз ата-анасының шеге шапан кидіріп аттандыруы- «есігіміз оларға қашанда ашық» деген көңіл күйін аңғартады. Бұл жөн-жосық адамдар арасындағы қарым-қатынастың ақыл-парасатпен шешілуін меңзейді. 
Бауыздау құда — құдандалық салтында жақындығы жағынан бас құдадан кейінгі құда. Дәстүр бойынша жігіт жағынан қыз айттыра келген, бауыздау құда бастаған құдалық адамдарына арнайы мал сойылып, бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм татысқан. Мал бауыздарда бата берген құданың бауыздау құда аталуы осы жайтқа байланысты қалыптасса керек.
Бүгінде отбасы құндылығын, жастардың шаңырақ құрудағы жауапкершілігін нығайтуда мұндай ғұрыптардың мәні зор. 
Құда түсу салтында ұмыт болған көне ғұрыптардың мән-мағынасын қайта жаңғыртып, ұлттық болмысты көрсетуде мұндай шаралар бүгінгі таптаурын, ретсіз кірме дәстүрлерден арылтады. Осы мақсат үдесінен шыққан шара соңында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры, мәдениет саласының үздігі Тағаев Ж.А. ауыл өнерпаздарына ризашылығын білдірді.

1 471 қаралым