Жарияланды: 09.11.2018

Қариялы ел — қазыналы ел

Ырыс-берекенің бастауы болған қарттарымыз әрдайым жоғары құрметке лайық. Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарияларымыздың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымы жас ұрпаққа ұлағат.  Әдет-ғұрып және Салт-дәстүр орталығы облыстық «Ардагерлер» үйінде «Қариялы ел-қазыналы» атты игі іс-шара ұйымдастырды.  Шараға Сайрам ауданының Құрметті Азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ақын-жазушы Қабылбек Төретай және орталық қызметкерлері қатысты.
Іс-шарада Әдет-ғұрып және Салт-дәстүр орталығының директоры, мәдениет саласының үздігі Тағаев Жәнібек Абданбекұлы ардагерлерді бүгінгі айтулы мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдіре келіп: 
– біз сіздермен кездесуге құштармыз, өйткені ел болған соң еңселі жұрты, қазыналы қарты болады, әр уақытта біз ата-анамызды сыйлап, үлкендерді құрметтеген халықпыз. Сондықтан «батамен ел көгерер» дегендей, үлкендердің батасын алып сыр-сұхбат жүргізудің сәті түсіп отыр, -деп жүрек тебіренісін жеткізді. 
Ардақты ағамыз Қабылбек Төретай:- «тәрбие өзегі-отбасылық құндылық болып саналса, қарияларға құрмет көрсету әрбіріміздің парызымыз», –деп, қариялардың қадір-қасиеті туралы мағыналы сөздерімен әңгіме өрбітті. Ғалым-Мырзабай Омаров қарияларды мерекелерімен құттықтай келе, отбасылық құндылықтарды сақтайтын-қазыналы қариялар екендігі, олардың қоғамдағы орны туралы пікір алмасты.
Орталық қызметкерлері Қуатбай Нұрмағамбетов көнеден келе жатқан әуезді толғауымен ардагерлерге жақсы көңіл-күй сыйласа, Нұрлан Есенқұлов пен Пернебек Жалғас әуезді әндерімен қариялардың ілтипатына бөленді. «Ардагерлер үйінің» мәдени іс-шараларын ұйымдастырушы, ақын-термеші Дайрабекова Дәмегүл жыр-термесімен ардагерлердің жүрегін тербетті.
Шара соңында орталық директоры Тағаев Ж. қарияларға алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады. 
Көнекөз қарияларға, олардың қоғам дамуына қосқан үлесіне құрмет көрсету, ғибрат аларлық ұлттық құндылықтарымызды, тәлім-тәрбие берерлік өсиет сөздерін келешек ұрпаққа жеткізуде үлкен тәрбиелік маңызы бар мұндай іс-шаралардың бүгінгі ұрпаққа берері мол.

1 260 қаралым