Жарияланды: 09.11.2018

Ұлттық дәстүрлер дәріптелді

 

Түркістан облысында ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ән қазынасын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Дәстүp және Ғұрыптық ән» танымдық шарасы өткізілді. Шараға ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Абдраимова Сәбира Бимырзақызы, Әбдіраймов Әбдіхалық Бөрханұлы- ақын-сазгер, «Түркістан» сарайы директорының орынбасары, Б.Өтеп атындағы облыстық балаларға арналған «Өнер» мектеп-интернатының директоры, айтыскер ақын Есжанова Маржан Бекжанқызы, «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ғалым хатшысы Зылиха Тұрарқызы Жантасова қатысты.
Шара барысында — «Әжелер» тобы бесік жырын айтып әлдилесе, халық композиторларының әндерін орындап, елдің зор ықыласына бөленіп жүрген әнші-Керімқұлова Гүлжан өнерлерін көрсетті. Белгілі этнограф, танымал қолөнер шебері Кендебай Қарабдалов бақсылар сарынын орындап, даңғара және шаңқобызда ойнап, көрермендердің зор қошеметіне ие болды. Сыр өңірінен келген біртуар жыршы-термешілер-Тәңірбергенов Айбек және Жұбаниязов Серікқали жыр-толғауларымен кеңінен көсілді.Орталық қызметкері Нұрлан Есенқұлов жоқтау айтып, көрермендердің жүрегін тебірентсе, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілері- Тұрғанбек Жұлдызай, Махатаева Гүлдана, Айтуарова Әсем, ғұрыптық әндердің келесі түрі «Жар-жарды» осы орталық қызметкерлерінің қатысуымен айтылып, Рәтбек және Саят сынды өнерпаздарымыз ән-жырдан шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 
Бұл танымдық кеш осы киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан –ұрпаққа жеткізу, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарының өскелең ұрпаққа таралуына ықпал ету болып табылады. Мың жыл бұрынғы саздың, күй мен сарынның бүгінгі күнге жетуінің өзі халықтың ұлттық болмысының биік көрінісі болып табылады. Ендеше, бұл өнер үлгісінің ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек деп, — Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры, мәдениет саласының үздігі Ж.Тағаев атап өтті. Және де ол адамгершілікке, мейірімділікке, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, насихаттайтын осындай іс-шараларды халық арасында көбірек өткізу қажет екенін айта отырып, шараға үлес қосқан барлық өнерпаздарға алғысын білдіріп, марапаттады.
Тағылымы мол шараға мәдениет саласының қызметкерлері, ЖОО студенттері және БАҚ өкілдері қатысты.

 
1 133 қаралым