Жарияланды: 09.11.2018

Ғасыр дертіне шалдыққан 320 ана дүниеге дені сау сәби әкелген

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында ВИЧ-ке шалдыққан 320 ана дүниеге дені сау сәби әкелген. Бұл туралы аты жаман аурудың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары ұйымдастырған мәжілісте мәлім болды. Салаға жауаптылардың сөзінше, инфекция жұқтырған әйелдер 100 пайыз дені сау нәресте өмірге әкеле алады.

Биыл Шымкент қаласы мен Түркістан облысында ВИЧ жұқтырған 44 әйел құрсақ көтеріп, бала босанған. Сала мамандарының сөзінше, орталықта тіркеуде тұратын азаматшалардың барлығы да өмірге дені сау сәби әкелген. Бірақ, өкініштісі сол, ғасыр дертін жұқтырғандардың дені — дәрігер айтқан диагнозға күмәнмен қарап, ем қабылдаудан бас тартып жатады екен.

Қожахмет Маширов — ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары

Өңірде ВИЧ инфекциясын жұқтырған 3 343 азамат тіркеуде тұрады. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде мамандар биылдың өзінде түзеу мекемесінде жатқан жеті азаматтан инфекция анықтаған. Сондай-ақ, шет елден келушілердің арасында да аты жаман аурумен ауыратындар жиі кездесетін көрінеді.

Айта кетейік, ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары 15 қарашадан бастап, барлық қала тұрғындарын тегін тексеруге шақырады. Дәрігерлер биылғы жоспарға сәйкес, халық арасындағы 90 пайыз тексеру жұмыстарын жүргізбек ниетте.

948 қаралым