Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында Мақтаарал ауданының белсенді жастары үлкен іс тындырды. Аудан колледждерінің 100-ге жуық ерікті студенттерінен құрылған топ, жастар ресурстық орталығының ықпалымен жалғыз басты қариялардың үйлеріне барып, үй шаруасына қолғабыс етті.
Замиля Абдуллаева есімді қария апа үйде ұлымен бірге тұрады. Өкініштісі жалғыз ұлы жұмысқа жарамсыз. Ауладағы ер адамның ауыр жұмыстарын атқару зейнеттегі әйел үшін ауырға соғады. Бүгін Атакент кентінде орналасқан Мақтаарал аграрлық кооледжінен көмекке келген жастар ағаш бұтақтарын шауып берді. Ауласының ретке келгеніне қарт ана дән риза.
Топ-топқа бөлінген жастар бұдан өзге 15-ке жуық көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылды. Соның бірі Дилавер қария. Көктемде еккен егіндерін жинастырып, ағаштарын жарып, аула маңайына жиналған қоқыстарын шығарып берген жастарға қариялар алғыстарын жаудырды.
Мерекелік онкүндік шара аясында көмек қолын созған еріктілер осылайша қарттарды құттықтап, игі істі үлкен ыждаһаттылықпен жасады. Жастар ресурстық орталығының басшысы, бұл өз кезегінде үлкенге құрмет кішіге ізет сияқты сыйластықтың қадір қасиетін ұғынуға септігі мол дейді.
СҮНДЕТ КЕНЖЕБАЕВ — МАҚТААРАЛ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Біздегі екі кентіміз бар, тоғыз ауылдық округ бар. Солардың барлығындағы бізге берілген, яғни бізде есепте тұратын жалғызілікті қарияларымыздың үйіне барып, барлық үйдің жағдайын көмектесіп, қолғабыс жасап, қыздар үйдің жұмысына, ұлдарымыз талдарды кесіп, жан-жағын жинастыру сондай жұмыстар жүргізілуде. Бұл тек мереке кезінде ғана тоқталып қалмайды. Олай деген себебім бұл тұрақты түрде бізде арнайы жүргізілетін болады. Әр айдың соңғы үш күндігінде жүргізілетін болады.»
Ел болашағы жастардың қолында екенін ескерсек мұндай жастармен болашаққа сеніммен қарауға болады. Үлкендердің алғысымен ақ батасын алып жүрген базбалалармен бойжеткендердің қайырымдылық шаралары әліде жалғаса бермек.