Жарияланды: 10.11.2018

Түркістанды дамытуға іскер әйелдер де үлес қосады

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстағы бірқатар іскер әйелдерді қабылдады. Олардың қатарында Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева мен қауымдастықтың Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы өкілдіктерінің жетекші ханымдары Құралай Бекенова, Инара Намазбаева, Эльмира Созақбаева сынды бизнесте бәсі биік бұрымдылар бар. Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымдарымен болған басқосуда жаңа Түркістанның болашақтағы кескін, келбеті, алдағы жоспарлары туралы кеңінен сөз болды. Нәзік жандылар қауымы осынау жауапты да тарихи сәттерде бас бола білген өңір басшысын жан-жақты қолдайтындарын, тіпті оны одан әрі көркейтуге өз үлестерін қосуға әзір екендіктерін жеткізді. Барша іскер әйелдер қауымының атынан сөз алған Раушан Біргебайқызы Түркістан облысының әкімдігімен бірге бірлескен жобалар жасауға ұсыныс айта келіпті. Атап айтқанда, іскер ханым бүкіл түркі тілдес халықтардың ата жұрты — Түркістандағы қызмет көрсету сапасын халықаралық талаптарға сай етіп ұйымдастыруға атсалысқысы келеді. Туристер көп келетін орталықтағы сервис мәселесін арнайы мамандармен оқыту арқылы дамытып, шешуді мақсат тұтқан нәзік жандылар, сонымен бірге, кәдесый жасау орталықтарын да көптеп ашып, жұмысты жолға қоюды мақсат етіп отыр.

Өңірімізде бұл салада талантты азаматтардың жеткілікті екенін алға тартқан Р.Сәрсембаева олардың басын қосып, оқытып, ұйымдастыруда қауымдастық күшіне сенімді. Әйелдер қауымдастығының түрлі салаларда тәжірибеге бай екенін айтқан іскер ханым Түркістан шаһарының сыртқы келбетіне де отбасы, ошақ қасының ұйытқысы бола білген әйелдер қауымының — нәзік жандылардың қуаты мен күшін жұмсауға ниеттенгені артықтық етпейтінін білдірді. Жиынға қатысушы қыз-келіншектердің ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев аталған жобаларды бірлесе әзірлеуге дайын екенін, алдағы уақытта түрлі жұмыстарды біріге атқаруда қолдайтынын жеткізді.

938 қаралым