Жарияланды: 10.11.2018

Балаларға барлық жағдай жасалған

Балалардың денсаулығы мен білімі Жетісай қаласының атқамінерлерінің де басты назарында. Осыған орай аудан орталығында жаңа балабақша есігін айқара ашты. Мектепке дейінгі мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев арнайы қатысып, ауыл халқына қызмет көрсетіп отырған кәсіпкер әулетке алғысын білдірді.
«Бүгінде Жетісай ауданында 20 мемлекеттік, 137 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Соның бүгін міне 138-ші балабақшасы пайдалануға беріліп отыр. Жалпы ауданымызда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту үлесі 95 пайызға жетіп отыр. Алдағы жылы да бірнеше балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарда бар», — деді Жамантай Қанайұлы.
Жалпы құны 35 млн теңгені құрайтын ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталыпты. Жеке кәсіпкер Құттыбек Елтоқов «Нысанды елдің сұранысы бойынша салдым. Өйткені, ауылымызда балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер саны жыл санап арта түсті. Сөйтіп, аудан әкімшілігінен арнайы рұқсат алып, жер телімі бөлінді. Бүгінде 125 баланы тәрбиелеп отырмыз», — дейді.
Қазіргі таңда балабақшада 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда тәрбиеленушілерге 5 мезгіл тамақ беріледі. «Гүлсін ана» балабақшасына ата-аналар бір балаға айына 3 мың теңге төлейді. Аудан әкімі ғимаратты аралап көріп, ең бірінші кезекте мекеме басшылығын тамақтың сапасына мән беріп, күтімнің жоғары деңгейде көрсетілуіне мән беруге шақырды.

1 052 қаралым