Қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем болмай, мемлекетіміз мықты болуы мүмкін емес. Бала — ата-ананың игі істерін жалғастырушы болашағы. Атамыз қазақ «Бала — адамның бауыр еті», «Балалы үй базар» дейді. Өйткені, бала өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі. Отбасы — бұл қоғамның негізі. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге тікелей байланысты. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау және отбасы құндылықтарын жете түсіну мақсатында Бəйдібек ауданында тұрғындармен кездесу өткізілді. Кездесуге «Ғаламат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Д.Маманова жəне «Серпіліс» қоғамдық бірлестігі төрайымы Б.Нарымбетова, «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі С.Байзахова арнайы сөз сөйлеп, жобаның отбасы жəне салт-дəстүр құндылықтары аясында тұрғындармен пікір алмасу өткізді. Жиналған жұртшылық жиын барысында өз ойларын ортаға салып, қазіргі таңдағы отбасы құндылықтарына қатысты кездесіп отырған жайттар мен мәселелердің шешімін табудың жолдарын талқылады.
Жарияланды: 11.11.2018