Жарияланды: 12.11.2018

Отбасы болу неке қиюмен шектелмейді

Мемлекет тұрақтылығының негізі отбасы татулығы. Қазығұрт ауданындағы Тарихи «Ысмайыл ата» мешітінде «Ислам және отбасы» жылы аясында Мешіттің Бас имамы Еркін Тұрғынұлы шаңырақ көтерген жастарға бата беріп, отбасылық міндеттердің құндылығын баяндайды. Отбасындағы ер мен әйелдің хақысы, ата ананың үмітін ақтап, еліміздің үлгілі отбасы болуларына тілек білдірілді.

«Отан — отбасынан басталады» демекші, жанұя қоғамның ең маңызды құрылымы. Сондықтан да Ислам отбасына көп көңіл бөледі. Исламда неке — екі жанның қасиетті одағы, сенімділіктің бастауы. Жанұяда ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ. 

Аллаһ Тағала қасиетті Құранның Бақара сүресінің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» — деген. Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Аллаһ Тағала бірін-бірі қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр. Сондай — ақ, Рум сүресінің 21-аятында: «Сендерге олардан тыныштық табуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңда махаббат пен мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған ел үшін белгілер бар» — дейді. Аяттан байқағанымыздай ер мен әйел бір-бірі үшін жаратылғандықтан, өз теңін тауып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізеді.

 

1 380 қаралым