Дана халқымыз көркі мен ақылына сай қыз тәрбиелеу ісінде аса байыпты болған. Қыз баланы қонақ деп төрге отырғызған, аялаған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп оның әдептілігіне, сөзіне, жүріс –тұрысына сын көзбен қараған. Себебі, қыз бала болашақ ана, бір әулеттің түтінін түтетер келіні, ұрпақ жалғастырушы. Қазақ қыздарының аяулы да сұлу болмысын, рухани келбетін дәріптеу мақсатында сарыағаш ауданы Тегісшіл ауылдық округінде «Үкілі қыз» байқауы болып өтті. Сайысқа ұлт дәстүрі мен мәдениетін, ұлттық өнерді тал бойына жинаған, қазақ қыздарына тән ибалылық, ізеттілік қасиеттерді бойына сіңірген арулар қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Қазақстандық патриотизмді дамыту, жастар саясатын насихаттау, қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан даналығы мен терең саналылығын бойына дарытқан қазақ қыздарының табиғат берген көркемдік әдемілігі мен сұлулығын дәріптеу басты мұрат саналды. Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру. Сонымен қатар, аналар мектебіне тән қасиет — қыздардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту, көпшілік алдында өзін ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулыққа тәрбиелеу де мақсат етілді. Сайыста қазақ қызына тән мінез-құлық, сұлулығымен ерекшелене білген ару жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырына көтерілді.