Жарияланды: 12.11.2018

Атаулы әлеуметтік көмектің шарапатынан нәзік жандылар да кенде қалмады

Жетісай ауданында атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көріп отырғандар аз емес. Мемлекеттік бағдарламаның шарапатына бөленген нәзік жандылардың бірі — Сурая Размухаммадқызы. Жетісайлық азаматша үйінен шағын тігін цехын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол биыл мемлекеттен 340 мың теңге көлемінде қаржы алып, 2 тігін машинкасын іске қосқан. Жәрдемақы негізінде ол қазақы ою-өрнегі мол камзол, көйлек, нымша және қыз жасауын тігумен айналысып келеді.

Үш баланың анасы үйде қол қусырып отыруды жөн көрмеген. Қолынан келген өнерді күнкөріс көзіне айналдыруды жөн санап, мемлекет көмегіне жүгінеді. Тапсырыс саны күн сайын артуда. Кәсіпкердің айтуынша, қазірге айлық табыс көлемі 40-50 мың теңге. Болашақта ісін әрі қарай дамытып, тігін цехын үлкейтуді жоспарлауда.

Қазақтың ұлттық көрпе – көрпешесін тігуге машықтанған ол «Кәсібім өзіме өте қатты ұнайды. Ең бастысы, үйдің де шаруасына үлгеремін. Балаларымның да немен айналысып отырғанынан хабарым бар»,- дейді.

1 207 қаралым