Жарияланды: 12.11.2018

Нәзік жандының қолынан заманауи үлгідегі бесік шығады

Бесік қазақпен бірге ғұмыр кешіп келе жатқан киелі зат. Ал, оны әйелдің жасағанын көрдіңіз бе? Өзі журналистика мамандығында білім алған Нұргүл Ибрашева ағасымен бірге атадан қалған адал кәсіпті нәсіп еткен. Нұргүл кәсіптерінің 2014 жылы шағын шеберхананы жалға алудан басталғанын айтты. Сол жылдары отандық өнімдерімізді брендке айналдыру қолға алына бастағаны есімізде. Нұргүлдің ағасының да мақсаты ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасап шығарып, ұлттық өнімнің дамуына үлес қосу болыпты. Алғашында тек Атырау облысы төңірегінде қызмет еткен шеберлер қазір тапсырыстарды барлық аймақтан қабылдайды Бастапқы кезде аулаға қоятын арнайы сәкі (тапчан), беседка, жер үстел сияқты өнімдерді жасаса, соңғы 1-2 жылдың көлемінде жиналмалы бесік жасауды қолға алған. Бір адаммен ғана басталған кәсіптен қазір 10 шақты адам нанын тауып отыр. Тұтынушылардың саны бұрынғыдан едәуір артқан. Басқа өнімдерге қарағанда жиналмалы бесікке деген сұраныс жоғары. Бұл бесіктің түрі Қазақстандағы нақырыққа кіргеніне 6-7 жыл болса да, шеберлер оның дизайнына ерекше мән беріп, басқа үлгіде шығара бастаған. Жиналмалы бесіктің қарапайым бесіктен айырмашылығы – арнайы топса қондырылады. Шағын кілті арқылы бесіктің топсасын босатып, жинап, қайта құруға болады. Сондықтан, үйде артық орын алмайды, әрі жолға алып жүруге де ыңғайлы. Бұл бесіктерді қарағай ағашынан жасайды, салмағы шамамен 10 килограммдай болады. Негізінен бір бесік 2-3 күнде дайын болады. Ал тапсырыс көп кезде 15-20 күнге дейін созылады.

2 523 қаралым