Жарияланды: 12.11.2018

Оңалсын Омарованың ойыншықтары шетелдерде сатылымда

Шымкентте ойыншық жасаумен айналысатын бірнеше кәсіпорын бар, соның бірі – «Baby Plast». Мұнда айына 8-10 мыңға жуық ойыншық өндіріледі. Төрт жылдан бері ойыншық жасаумен айналысып келе жатқан кәсіпорынды 67 жасар Оңалсын Омарова басқарады. Кәсіпкер әже зейнетке шыққанға дейін ауруханада акушер болып жұмыс істеген.

Өз айтуынша, 90-жылдардағы дағдарыс кезінде зейнетке шыққанына қарамастан базарға шығып, ойыншық сатуға мәжбүр болыпты. Осылай келе «сол ойыншықты өзіміз шығарсақ қалай болар екен» деген оймен жаңа кәсіпорынның негізін қалаған. Бүгінде «Baby Plast» ойыншықтары Қазақстанның түкпір-түкпіріне таралуда. Шымкенттің өзінде бірнеше көтерме сауда нүктелері бар. Бір ерекшелігі – компания тек өз есебінен дамып, өркендеп жатыр. Бірақ бәрібір мемлекеттің қолдауы керек. Себебі жақында ғана компания тауарын экспортқа жөнелте бастады. Атап айтқанда, Қырғызстанға

Өндіріс ошағында ойыншықтың 50-ге жуық түрі шығарылады. Өнімнің сапасын айқындайтын сәйкестік сертификаты бар. Табиғи таза өнім. Ойыншықтар полипропилен деп аталатын материалдан жасалады. Оны «Baby Plast» компаниясы Ресейдің Уфа қаласынан алдырады. Бүгінде зауытта 8 станок жұмыс істеп тұр. «Негізі, ойыншықтың ассортиментін ұлғайтсақ деп едік. Біздің өнімдер көбінде ұл балаларға арналған. Машина, конструктор дегендей. Мысалы, соны түрлендіріп, қуыршақты қосуға болар еді. Бірақ оның әуресі аз емес. Киімін бөлек тігесің, шашын жапсырасың, аяқ-қолын бөлек жасап, құрастырасың. Оған жеке станок алдыру керек. Дегенмен, мемлекеттен қолдау болса, оның бәрін де жүзеге асыруға болады» дейді кәсіпорын директоры.

1 167 қаралым